Еңбеккер бейнесінде- ұстаз Айнұр Шампишева.

Бастауыш сатыдан бастап баланың тілін, ой-өрісін, қиялы мен шығармашылығын дамыту арқылы заман талабына сай жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Шәкірттерімен бірге оқу-тәрбие процесін жаңаша ұйымдастыруда, олардың шығармашылық таным-қабілеттерін дамыта отырып, жеке ерекшеліктерін де таныта білетін Қобда ауданы, Бестау ауылының Бестау орта мектебінде абыройлы қызмет атқарып, терең білім мен тәлімді тәрбиені шәкірттеріне сіңіріп, адамға тән асыл қасиеттерді тал бойына жинақтаған Айнұр Шампишева туралы сөз қозғамақпыз.


Шампишева Айнұр орта мектеті бітірісімен 2003 жылы Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе гуманитарлық колледжін «Бастауыш сыныпта оқыту және информатика» мамандығына оқуға түсіп, аталған оқу орнын 2006 жылы бітіріп шығады. 2009 жылы С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің «Информатика» мамандығын, одан кейін 2019 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Бастауыш сыныпта оқыту әдістемесі және педагогикасы» мамандығы бойынша тәмамдады. 2023 жылы М.Сапарбаев атындағы Орталық Азия инновациялық университетінің педагогика ғылымдарының магистрі атағына ие болды.
Еңбек жолын Бестау орта мектебінде мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі және тәлімгері болып бастады. 2008-2015 жылдар аралығында директордың оқу ісінің орынбасары қызметін атқарып, 2015 жылдан бастап мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді.


Айнұр Шампишева өзінің ұстаздық еткен еңбек жолында аудандық «Үздік бастауыш сынып мұғалімі» байқауында бас жүлдеге ие болды. Аудандық, облыстық және республикалық түрлі олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпазы. Сабағында қазіргі заман талабына сай дамыта оқытудың жаңа технологияларын пайдалана отырып, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырып, өз бетінше білім алуға, құштарлығын оятып, шығармашылықпен ізденуге ұмтылдырады.
Шампишева Айнұр Қуанышбекқызы еңбексүйгіштігімен, ізденімпаздығымен, жаңашыл, кәсіби шеберлігімен өзіне де, өзгеге де талап қойғыштығымен, адамдық асыл қасиеттерімен, мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар ұжымында сыйлы және беделді.