Спортты сүйер отбасы  

Халықаралық отбасы күніне орай «Қазхром «ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының «Ферробалқытушы» спорт клубында  зауыттықтар арасында «Әкем, анам және мен – спортшымыз бәріміз» атты спорттық сайыс өткізілді. Спорттық шараға 8 отбасы қатысты. Лайықты күресте №2 балқыту цехының намысын қорғаған Толықбаевтар отбасы жеңіске жетті. Кәсіподақ ұйымы отбасылық құндылықтарды ескере отырып, егемендігіміздің жарқын болашағы балалардың қуанышы үшін түрлі іс-шаралармен спорттық ойындар  өткізіп келеді.

Жыл сайын  кәсіподақ ұйымының ұйымдастырумен өтетін «Әкем, анам және мен спортшымыз бәріміз»  атты спорттық сайысы биыл да металлургтер арасында  өз жалғасын тауып бірнеше отбасына қуаныш сыйлап,   мерекені айшықтай түсті.  Сайысқа  сегіз отбасы қатысты. Спорттық шара  алты  кезеңнен тұрды. «Ферробалқытушы» спорт клубының жаттықтырушылары әрбір кезеңге әділ бағасын беріп, төрелік етті. Бір баласын  көтеріп,  біреуін жетектеген сайыскерлеріміз спорт алаңына жиналып сайыстың шарттарымен  танысып, ширату жаттығуларына кірісіп кетті.  Әр отбасы өздерінің  киім ерекшеліктерімен, ширақ қимылдары, ептіліктерімен сайысты қыздырып, көрерменнің көзайымына айналды.

«Бүгінгі сайысқа көп балалы отбасылар көптеп қатысып отырғандығы бізді қуантады. Еліміздің демографиялық  жағдайына үлес қосып отырған көп балалы отбасылар әрдайым  кәсіподақ және зауыт әкімшілігінің басты назарында. 2021 жылы 1 маусымдағы есеп бойынша Ақтөбе ферроқорытпа зауытында 273 көп балалы отбасы болса, 2022 жылы 324, ал 2023 жылғы есеп бойынша көп балалы отбасылардың қатары 380-ге артып отыр. Ағымдағы жылдың өзінде тек ғана біздің зауытта 380 бала жарық дүниеге келген. Бұл статистика тек ғана біздің кәсіпорын бойынша берілген. Алдағы уақытта заман талабына сай балабақшалар мен мектептер көптеп салынса нұр үстіне нұр болар еді. Ал біз өз тарапымыздан қолдан келгенше қолдау көрсетіп өнерлі, спортшы балаларға демеу жасаймыз», – дейді кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбілқайыр Сотқаров.

Ақтөбе қаласы