Айтулы мереке қарсаңында киелі Түркістан өңірінің әлеуметтік жаңғыруына үлес қосып келе жатқан азаматтардың еңбектерін дәріптеу мақсатында, Түркістан қаласында Еңбек күні мерекесіне арналған «Адал азамат – Адал еңбек» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық бақылау жөніндегі басқарма басшысы Айдос Исмайлов, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, кәсіпорын еңбеккерлері және кәсіподақтардан көп жылдық еңбегі бар қызметкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Салтанатты шарада облыс бойынша әр салаларда еселі еңбегімен ерекшеленген еңбек адамдары марапатталды.
Жиын барысында өз кезегінде сөз алған аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі қарапайым еңбек адамдарын айтулы мерекемен құттықтап, мерекелік марапаттарды табыс етті.
Ол өз сөзінде: «Бұл мереке адал еңбегімен еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген баршаңызға деген құрметтің көрінісі деп білемін. Әр салада кәсіби біліктілік пен мамандыққа адалдықтың шынайы үлгісін көрсетіп жүрген Сіздердің ерен еңбектеріңіз қандай құрметке болса да лайық. Алдыңғы қатарда жүрген өздеріңіз сияқты еңбек адамдарының тәжірибелерін жастарға үлгі ету, жастарды еңбекке баулу өте маңызды болып табылады. Баршаңызды осы мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге жеміс, зор денсаулық, толағай табыс тілеймін», – деп тілегін білдірді.
Одан кейін марапаттау рәсіміне кезек беріліп, кәсіподақ төрағасы Бердіғали Өмірәлі кәсіподақ саласының дамуына сіңірген елеулі еңбектері үшін бірқатар кәсіподақ белсенділеріне аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Құрмет грамоталарын табыстады.
Сонымен қатар, мерекелік шара аясында «Еңбек жолы» республикалық конкурсының «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» және «Өндірістің үздік жас маманы» номинациялары бойынша Түркістан облысының өңірлік жеңімпаздары марапатталды.
Сондай-ақ, Еңбек күніне арналған көрме қойылып, салтанатты жиын жергілікті өнерпаздардың мерекелік концерттік бағдарламасымен аяқталды.