altaynews.kz: ШҚО-да «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Ләззат Қанатқызы

Бүгін Өскемен қаласында «Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын марапаттады. Бұл байқау еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлері арасында өткізіледі. 

Елімізде 2013 жылдан бастап қыркүйектің соңғы жексенбісінде Еңбек күні атап өтіледі. Айтулы мерекеге орай ұйымдастырылған «Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңіне қатысуға 36 өтініш келіп түскен, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Биылғы байқауда риддерлік Аушиновтар әулеті жеңіске жетіп, республикалық кезеңде жүлделі 2-ші орынды иеленді. Аушиновтар – “Казцинк” ЖШС Риддер тау-кен металлургия кешенінде 180 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан әулет.

–    Менің негізгі мамандығым – алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі. Бірақ мен өз атам Аушинов Мәліктің жолын қуып, қазір Риддер тау-кен металлургия кешенінде қызмет етіп жүрмін. Жалпы әулетімізде 10 адам осы салада еңбек еткен. Ұлым да біздің жолымызды жалғастырмақ. Республикалық кезеңде де облысымыздың намысын қорғап, екінші орынға ие болдық. Менің ғана емес, әулетіміздің еңбегі еленіп жатқанына шын жүректен қуаныштымын, – деді Ринат Ерболұлы.

Шара барысында облыс әкімі саналы ғұмырында аянбай еңбек еткен 10 тұрғынға Құрмет грамотасын және 9 адамға «Еңбек ардагері» медалін табыстады.
Осындай марапатқа ие болғандардың бірі – Мәулия Жиындықызы. Ол «Алтай» кеңшары жұмысшылар кооперациясының төрағасы қызметінде отыз жыл еңбек істеген.

–    Еңбек жолымды 1967 жылы Черняховский атындағы кеңшарда сауыншы, қойма меңгерушісі болып бастадым. Арнаулы білім алғаннан кейін сауда саласында өмір бойы қызмет істедім. Бірнеше құрылысты сапалы жүргізіп, Топқайың, Қабырға, Каменка, Жаңа Үлгі, Шыңғыстай ауылдарында дүкен салдым. Бүгінгі таңда соның зейнетін көріп отырмын. Еңбек жолында қиындыққа мойымай, шыдау керек. Алға қойған мақсатқа жету үшін аянбай еңбек ете біліңдер дегім келеді, – деді «Құрмет грамотасының» иегері Мәулия Жиындықызы.

Айта кетсек, елімізде жұмысшы мамандығының мәртебесін арттырып, Еңбек адамы идеясын насихаттап, оларға қолдау көрсетуге ерекше мән берілуде.

–    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, «Нағыз еңбек адамы –  бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат». Береке-бірлік пен адал еңбектің арқасында ғана біз мемлекетімізді дамытып, халқымыздың жағдайын жақсартамыз. Қарапайым жұмысшылар қауымына деген құрметіміз әрдайым жоғары болып қала бермек, – деді аймақ басшысы Ермек Көшербаев.

Сонымен қатар облыс әкімі өңірдің дамытуға ат салысып, кәсіби маман атанған еңбек адамдарына өз алғысын білдірді.

https://altaynews.kz/kz/basty-zhaalytar/41038-sho-da-ebek-zholy-bajauyny-zheimpazdary-marapattaldy.html