Ұстаз еңбегінің жемісі

Астана қаласы әкімдігінің №38 мектеп-лицейі жанындағы мемлекеттік білім беру мекемесінің тарих пәнінің мұғалімі Гүлзия Иманбаева «Еңбек жолы-2023» байқауының Астана қалалық кезеңінде «Еңбекші жастардың үздік тәлімгері» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

«Мұғалім болуға менің қызығушылығымды оятқан тарих пәнінен берген ұстазым Нұрсейітов Қасымжан ағай. Ол кісінің сабағында тарихи оқиғаның ішінде жүргендей сезінетінбіз. Міне осы кезден бастап арманым мұғалім болу болды», – дейді Гүлзия Қалиқызы.

Г.Иманбаева 1976 жылы 4 ақпанда Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Луговой станциясында дүниеге келді.

1983-1993 жылдар аралығында №33 Т.Рысқұлов атындағы орта мектепті ойдағыдай аяқтап, Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түсті. Аталған оқу орнын 1997 жылы аяқтап, мұғалімдік еңбек жолын Құлан ауылындағы №1 мектеп-лицейде бастады.

2000-2006 жылдар аралығында Құлан ауыл шаруашылық колледжі жанындағы лицейде, Тараз қаласындағы №47 орта мектепте оқытушы болып жұмыс істейді.

2006 жылдан бастап Астана қаласы №38 мектеп-лицейінде тарих пәні мұғалімі қызметін атқаруда.

Жалпы педагогикалық еңбек өтілі 25 жыл, жоғары санатты «педагог-зерттеуші», педагогика ғылымдарының магистрі, кәсіподақ мүшесі.


Еңбек еткен жылдары Гүлзия Иманбаева Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасы, Астана қаласы Білім басқармасының, Алматы ауданы әкімінің, «Дарын» республикалық ғылыми практикалық орталығының, «Астана Дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау орталығының және Астана қаласы «Әділет» кәсіподақ ұйымының Алғыс хатымен марапатталған.

Ұлағатты ұстаз шәкірттерін түрлі додалар мен сайыстарға, ғылыми жоба, олимпиадаларға қатыстырып, қала, республика көлеміндегі сайыстардың жеңімпаздары етіп6 білім шыңынан көрінуге септігін тигізіп келеді.

Ұстаз өз сөзінде: «Еңбек адамды төрге шығарады» демекші, қазір 25 жыл ұстаздық қызметімде өзімнің де шәкірттерім Нұркен Дәулет Астана қаласында дебат мектебінің басшысы боды, Жасымбек Ақбота, Өміртайқызы Аружан, Өтеген Әділсұлтан есімді оқушыларым түрлі сайыстар, ғылыми жоба, олимпиадаларға қатысып, қала, республика көлеміндегі сайыстардың жеңімпаздары», – деп атап өтті.

Сонымен қатар, Гүлзия Қалиқызы тәлімгер ұстаз ретінде өзінен кейінгі жас мамандарға ұстаздықтың ұлы жолындағы өзінің іс-тәжірибесімен бөлісіп, олардың жақсы маман болып қызмет етуі үшін де атсалысып келеді. Мектеп-лицейдегі «Жас мамандар» мектебінің жетекшісі ретінде, жас ұстаздардың шеберліктерін шыңдап, жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына аянбай еңбек етіп келе жатқан тәлімгер ұстаз.

Бүгінгі күні Гүлзия Қалиқызы ардақты ұстаз, аяулы ана, асыл жар.

«Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың басы қосылса, төр ұстаздікі» деген сөзі мұғалімнің қоғамдағы орнын анықтап мәртебесін көрсетіп тұрғандай. Мамандықтың бәрі жақсы. Бірақ, бар мамандықтың иесі ұстаздың алдынан өтетінін бәрімізге мәлім. Сол себепті мен мұғалім болғанымды мақтан тұтамын», – дейді Гүлзия Қалиқызы.