Өңірлер арасындағы тәжірибе алмасу

Павлодар облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Татуласу орталығы» татуластыру орталығының жұмыс тәжірибесі Қарағанды облысының әріптестеріне таныстырылды.

Павлодар облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігіне «Қарағанды облысының кәсіподақтар орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Болат Қамзаұлы Жұмабеков және Қазақстандық салалық білім, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының Қарағанды облыстық ұйымының бас құқықтық инспекторы Латиф Шахмерденұлы Гасанов келді.

«Павлодар облысының кәсіподақтар орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Айтжанова Динара Нұржанқызы Қарағанды облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің әріптестерін Павлодар облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Татуласу орталығы» татуластыру орталығының жұмыс тәжірибесімен таныстырды.
Орталықтың басшысы, еңбек құқығының сарапшысы, кәсіби медиатор М.А. Иванова татуласу тәжірибесі туралы айтып берді, еңбек дауы тараптары сотқа дейін және азаматтық істі сотта қарау кезеңінде Павлодар облыстық сотымен жасалған ынтымақтастық туралы Меморандумға сәйкес жүгінетін татуластыру орталығы жұмысының практикалық қадамдық алгоритмін көрсетті, еңбек дауын тоқтатудың медиативтік жағдайларымен бөлісті. Тәжірибе алмасуға қатысушылардың назарына «Татуластыру рәсімдерінің үздік тәжірибелері», «Еңбекші әйелдердің құқықтарын қорғау», «Ұжымдық шарттар жасасудың үздік тәжірибелерін талдау» тақырыбында аумақтық бірлестік дайындаған жинақтар ұсынылды.

«Қарағанды облысының кәсіподақтар орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Б.Қ. Жұмабеков татуластыру орталығының жұмысы туралы пікірлер кітабына жазба жасап, еңбек адамының еңбек құқықтарын қорғау бойынша табысты татуласу қызметін тіледі.