Еңбек күні атап өтілді

Аталған мерекенің басты мақсаты – жалпыға ортақ еңбек қоғамын құрудағы еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсібін насихаттау болып табылады.

Бұл үрдістен Жамбыл облысы да тыс қалған емес. Бүгінде  өңірдегі әлеуметтік әріптестердің ұйымдастыруымен «Еңбек күніне» орай ауқымды іс-шара өтті. Салтанатты жиынға облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов, Еңбек инспекциясы басқармасының басшылығы, кәсіподақ көшбасшылары,  сондай-ақ бірқатар жергілікті атқарушы орган өкілдері мен түрлі саланың мамандары арнайы қатысты.

Саланатты басқосуда облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары  Нүркен Сейдалиев ағымдағы жылдың 8 айында атқарылған жұмыстар жайында  баяндама жасады. Бүгінде аталған басқарма тарапынан 79 тексерулер мен 11 профилактикалық бақылау жүргізіліп, нәтижесінде 159 заң бұзушылықтар анықталып, орындалуы міндетті 55 нұсқама берілген. Жыл басынан мемлекеттік еңбек инспекторлары прокуратура органдарымен бірлесіп 7 кәсіпорында 404 млн. теңгеден астам жалақы қарыздарын анықтап, олар толығымен жойылған. Бұл заң бұзушылықтардың басым бөлігі  еңбек қатынастары мен еңбек қауіпсіздігіне қатысты.

Мерекелік шарада кәсіподақ орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов  облыстағы кәсіподақ ұйымдарының  атқарып жатқан жұмысына тоқталды. Бүгінгі күні ҚР Кәсіподақтар Федерациясы еңбек адамының мүддесін қорғауда іргелі істер атқарылып жатқанын алға тартты.

«Еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым – Кәсіподақтар Федерациясы да еңбек адамының атқарған адал еңбегіне лайықты жалақы алу, еңбеккерлерге қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, жазатайым оқиғалардың алдын алуды басты назарда ұстап, Үкімет тарапына өз ұсыныстарын беріп отыр», – деді Б. Қарашолақов.

Салтанатты шара соңында ағымдағы жылдың тамыз айында жыл бойы ұйымдастырылған аймақтық «Еңбек жолы» конкурсының үш номинациясы бойынша облыстан жеңіске жетіп, өңіріміздің атынан республикалық байқауға қатысқан қатысушылар да назардан тыс қалмады. «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша жеңімпаз Ахметовтар отбасынан Ахметов Мұрат Тұрсынұлы, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша жеңімпаз – «Talas Investment Company» ЖШС қызметкері Нургазиев Калым Боранбайұлы, «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша жеңімпаз – Төле би атындағы №8 гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі Бақтыбай Дәмелі Мұратқызы марапатталып, арнайы сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ еңбек ұжымдарында ұзақ жылдар бойы жемісті де абыройлы қызмет атқарған бірқатар азаматтар облыс әкімінің, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің, Еңбек инспекциясы басқармасы мен «Amanat» партиясының Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің баспасөз қызметі