Кәсіподақ тәжірибесі: ұрпақтан-ұрпаққа

Кәсіподақтар күнін мерекелеу қарсаңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен оның филиалдары республика бойынша кәсіп ардагерлерінің, кәсіподақ қозғалысы мен жұмысшы жастардың өкілдері қатысуымен “Ұрпақтар кездесуі” форматында бірқатар салтанатты іс-шаралар өткізеді.

Акцияға алғашқылардың бірі болып оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы қосылып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысқан салтанатты жиын өткізді.

ҚРКФ төрағасы педагогикалық еңбек ардагерлерін алдағы кәсіби мерекелерімен –  Кәсіподақтар күнімен және Мұғалімдер Күнімен құттықтап, еліміздің кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан жемісті еңбегі мен елеулі үлесі үшін алғыс білдірді.

«Бүгінгі күні кәсіподақ қозғалысының дамуын аға буын өкілдері біз үшін қажырлы еңбегімен қалаған берік іргетассыз елестету мүмкін емес. Кәсіподақ жұмысының негізі – бірлік пен ынтымақтастық. Бүгінгі таңда Кәсіподақтар федерациясы азаматтық қоғам жүйесінде лайықты орын алып отырған ең ауқымды ұйым болып табылады және біз еңбекшілер игілігі үшін қол жеткізген табыстардың барлығы  –  сіздердің ерен еңбектеріңіз», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин қоғамның әділдікке деген жоғары сұранысы аясында әлеуметтік-еңбек қатынастарының қазіргі жағдайына ерекше назар аударды және қарапайым жұмысшыларды қолдау мәселелерінде кәсіподақтардың ерекше рөлін атап өтті.

“Кәсіподақтар федерациясы-қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаумен кәсіби түрде айналысатын жалғыз ұйым. Кәсіподақтар-бұл барлық шешімдер бірлесіп қабылданатын демократиялық институт. Қоғамның сұраныстарына жауап беру үшін біз еліміздегі барлық әлеуметтік-саяси өзгерістердің локомотиві болуға ұмтыламыз», – деді ҚРКФ төрағасы.

Оның айтуынша, бүгінде кәсіподақтар өз мүшелерінің сенімді тірегі болу, жаңа қоғамдық сананы қалыптастыру және жұмысшыларға деген құрметті арттыру үшін жоғары кәсіби деңгейге ие болуы керек.

«Еңбек адамы –  мемлекеттің өркендеу мен экономикалық өсуге ықпал ететін басты құндылық. Біз еңбек адамын құрметтеп, қолдауымыз керек. Бұл мәселеде кәсіподақтардың рөлі өте маңызды. Бүгінгі таңда жұмысшылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қызметкерлерді өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау дағдыларына үйрету өте маңызды», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Ол сондай-ақ кәсіподақтар Федерациясының ұйымдық құрылымын жетілдіру мәселелеріне тоқталды.

«Кәсіподақтар федерациясының XXVI съезін өткізгеннен кейін біз демократиялық принциптер мен алқалы шешімдер қабылдауға негізделген қызметтің жаңа форматын енгіздік. Біз ҚРКФ басқарушы органдарын қалыптастыру мәселесін қайта қарадық, ҚРКФ Бас кеңесі мен Атқару комитетінің жұмысын жаңаша жолға қойдық. Бүгінгі таңда Бас кеңестің құрамына салалық кәсіподақ өкілдері жетекшілік ететін тұрақты комиссиялар кіреді, олар бүгінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мен сарапшыларды кеңінен тарта отырып, стратегиялық шешімдер қабылдауға жауапты. Сонымен қатар, бүгінде Атқару комитеті мүшелерінің жаңа құрамы жасақталды, оның 70 пайызы салалық кәсіподақтардың өкілдері. Бұл тәсіл кәсіподақ қозғалысының мәселелерін шешу жолдарын сындарлы әзірлеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.

Кәсіподақтар федерациясының өткен жолы және алдағы міндеттері туралы айта келе, Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтар елдегі әлеуметтік-еңбек қатынастарының барысына, оның ішінде қызметкерлердің еңбек өмірінің сапасын арттыруға ықпал ете алғанын атап өтті.

«Кәсіподақтар еңбек адамдарының әл-ауқатын арттыру мәселесінде әрқашан нық ұстанымда болады. Бұл бағыттағы маңызды міндеттердің бірі – ең төменгі жалақыны халықаралық стандарттар деңгейіне, яғни еліміздегі орташа жалақының кем дегенде 50 пайызына дейін арттыру. Экономикалық жағдайды ескере отырып, біз бұл мәселені кезең-кезеңімен шешудің орындылығын түсінеміз», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Федерацияның халықаралық ынтымақтастықты дамыту саласында да елеулі жетістіктері атап өтілді.«Демократиялық реформалардың арқасында біз Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшелікті қалпына келтірдік, Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесіне төрағалық еттік және Түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымын құрдық. Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы халықаралық кәсіподақ қозғалысының толыққанды қатысушысы бола отырып, алдағы уақытта да шет елдермен ынтымақтастықты белсенді дамытып, еңбекшілердің құқықтарын қорғаудағы әлеуетін арттыра береді»,  -деп сендірді Сатыбалды Дәулеталин.

Ол сондай-ақ алға қойылған міндеттерді табысты іске асыру үшін аға буынның тәжірибесіне сүйене отырып және өзгермейтін кәсіподақ дәстүрлерін ұстана отырып, кәсіподақ қоғамдастығының бірлігі мен ынтымақтастығын одан әрі нығайту қажет екенін атап өтті.

Ардагерлерді кәсіби мерекелерімен ҚРКФ төрағасының орынбасары – салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева және ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев құттықтады.

«Сала кәсіподағының даму тарихы әрқайсыңыздың есімдеріңізбен байланысты. Кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан орасан зор үлесіңіз үшін барлығына алғыс айтқым келеді. Сізге өте қиын кезеңде жұмыс істеуге тура келді. Біз сіздердің еңбектеріңізді әрқашан жоғары бағалаймыз», – деді Айгүл Мұқашева.

Айгүл Мұқашева ардагерлерге салалық кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырып, кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Нұрлан Өтешев аға әріптестеріне арнаған сөзінде ардагерлерге оқытушылық қызмет пен кәсіподаққа адал қызмет еткені үшін алғыс айтты.

Кездесуге қатысушылар барлық айтылған бастамаларға қолдау білдіріп, кәсіподақ жұмысының тәжірибесімен бөлісті, сондай-ақ кәсіподақ қозғалысының қызметін жетілдіру бойынша өз ұсыныстары мен тілектерін білдірді.

Жиын соңында ардагерлерді «Салалық кәсіподақ ардагерлері» салалық кәсіподақ белгісімен марапаттау рәсімі өтті. Атырау облыстық салалық кәсіподақ ұйымының ардагері Қилымғали Қайненовтің еңбегі еленіп, Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ ардагерлері» белгісімен марапатталды.

ҚР Кәсіподақтар Федерациясының медиаорталығы