ҚРКФ мүшелік ұйымдары 2024-2026 жылдарға арналған Бас келісімнің жобасын талқылады

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің басшылығымен өткен «Бас келісім  –  әлеуметтік-еңбек қатынастарын тұрақты дамытудың негізі» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысушылар әлеуметтік-еңбек қатынастарын жетілдіру мәселелерін талқылады.

Еңбек күніне арналған іс-шараға Бас келісім жобасын әзірлеу бойынша Кәсіподақтар федерациясының жұмыс тобының құрамына кірген мүше ұйымдардың жетекшілері қатысты.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еңбектің басты құндылықтары мен еңбекшілерді құрметтеуге баса назар аударды.

«24 қыркүйекте біз Еңбек күнін атап өттік. Бұл маңызды мереке еліміздің дамуына күш-жігерін салып жатқан жатқан нағыз еңбеккерлерге арналған. Олардың күнделікті тынымсыз қызметі шынайы патриотизмді және Отан тағдырына атсалысуды көрсетеді. Еңбексүйгіштік, іскерлік пен жауапкершілік, үнемі білімге және өзін-өзі дамытуға деген ұмтылыс – «Адал Азамат» ұғымын бейнелейтін еңбек адамдарында айқын көрінеді. Сондықтан да өз ісінің білікті мамандары қоғамның назарында болуы керек, жастарымыз солардан үлгі алуы керек. Мен Әділ Қазақстанды тек еңбекқор және саналы азаматтар құра алатынына терең сенімдімін», – деді ҚРКФ Төрағасы.

Оның айтуынша, бүгінде республикада лайықты еңбекке заңнамалық қолдау көрсетілгенін, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғаудың оңтайлы үйлесімін қамтамасыз ететін еңбек қатынастарын реттеудің жаңа моделі қабылданғанын және әлеуметтік әріптестікті дамытудың ұйымдастырушылық-құқықтық базасы қалыптасқан.

ҚРКФ төрағасы бұл жағдайлар мемлекеттің еңбек қатынастары саласындағы әлеуметтік саясатын іске асыру тетіктерінің бірі болып табылатын әлеуметтік әріптестіктің рөлін арттыру үшін негіз болғандығын атап кетті.

«Әлеуметтік әріптестік, оның тетіктері мен құралдарын пайдалану әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуде рөлі зор екені даусыз. Республикалық деңгейдегі үшжақты келіссөздердің негізгі міндеті – Бас келісімге мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатының бағыттарына сәйкес келетін ережелерді енгізу болып табылады. Біздің басты мақсатымыз – келісімді нақты әрекет ететін құжатқа айналдыру, оның мазмұнын нақты және тиімді ұсыныстармен қанықтыру. Оны бұлыңғыр, ресми немесе орындалмайтын ережелермен толтырудың қажеті жоқ», – дейді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ Басшысы атап өткендей, ағымдағы Бас келісімнің мерзімі биыл аяқталады, сондықтан арнайы жұмыс тобы жаңа келісім жобасын әзірлеуде.

Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап жұмыс тобы 6 отырыс өткізді, онда ҚРКФ мүшелік ұйымдарының ұсыныстары қаралды және 2024-2026 жылдарға арналған Бас келісімнің жобасы қалыптастырылды.

ҚРКФ мүше ұйымдары Бас келісім жобасына еңбекақы төлеу, еңбек және демалыс тәртібі, жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктер белгілеу мәселелеріне қатысты 128 ұсыныс енгізді. Осы маңызды мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу кезінде біз келіссөздер жүргізу және келісімдерді орындау бойынша бұрынғы тәжірибеге сүйенуіміз керек.

«Бас келісім жобасында біз еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне ерекше назар аударуымыз керек. Кәсіподақтар федерациясы жариялаған Қауіпсіз еңбек жылы бізді осы саладағы мәселелерге мұқият назар аудартатыны сөзсіз. Белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанына қарамастан, біз тамаша нәтижелерге қол жеткізе алдық деп айтуға әлі ерте.Өлімге әкелетін жазатайым оқиғалардың іс жүзінде төмендемейтін статистикасы, өндірісте ірі жазатайым оқиғалардың жиі туындауы, жабдықтарды жаңғырту жөніндегі жағдай бізді тиімді шаралар қабылдауға міндеттейді. Кәсіподақтар федерациясы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасын әзірлеуге белсенді қатысуда. Тұжырымдама кәсіби тәуекелдерді бағалау мен басқарудағы тәсілдер мен әдістерді түбегейлі өзгертуге арналған», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Дөңгелек үстелге қатысушылар ұсыныстарын білдірді.

Атап айтқанда, энергетика қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Оразбек Бекбас Бас келісімге кәсіподақтарды тарифтерді пайдалануды бақылауға тартуға қатысты нормаларды енгізуді, сондай-ақ монополияға қарсы заңнамаға түзетулер енгізуді және энергетиктер үшін жалақыны қалыптастыру қағидаларын жетілдіруді ұсынды.

«ҚЫЗМЕТ» салалық кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Атақозы Нұрланов еліміздің мемлекеттік, әлеуметтік және медициналық мекемелері қызметкерлерінің еңбекақысын қалыптастырудағы құқықтық актілер туралы мәселе көтерді.

Сондай-ақ, ол Бас келісім аясында салалық комиссиялардың қызметіне жауапты уәкілетті органдардың жауапкершілігін қарастыруды ұсынды.

Өз кезегінде көміршілер салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Миргаязов Бас келісімге ХЕҰ-ның №176 «Шахталардағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы» конвенциясын ратификациялау мәселесін енгізу туралы ұсыныс жасады.

Оның айтуынша, 1996 жылдан бері бір ғана «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахталарында 123 кенші қаза тапқан.

Тақырыпты Астана қаласы Кәсіподақ орталығының төрағасы Төлеген Құнәділов жалғастырып, өңірлік үшжақты комиссиялардың тиімділігін бақылауды Бас келісім жобасына енгізу қажет деп санайды.

Білім, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева әріптестеріне ҚР Жоғарғы Соты кәсіподақ мүшелеріне ғана сауықтыру жәрдемақыларын төлеу туралы кәсіподақ ұстанымын қолдағаны туралы айтты.

«QazaqMetal» салалық кәсіподағының төрағасы Асылбек Нұралин бас келісім жобасына тау-кен металлургия кешені қызметкерлерінің зейнеткерлік жасын қысқарту туралы норманы енгізу туралы ұсыныс жасады.

Сонымен қатар, Машина жасаушылардың салалық кәсіподағының төрағасы Төлеген Қазангапов Бас келісім жобасында жұмыс берушілердің кәсіподақтардан сот ісін болдырмау үшін ай сайын кәсіподақ жарналарын аудару міндетін көрсету қажет екенін және сондай-ақ әлеуметтік серіктестіктің үшінші тұлғасын ресми түрде білдіретін жұмыс берушілер бірлестіктерінің тізбесін айқындау керектігін айтты.

Әріптестерін тыңдап, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Бас келісім жобасындағы кәсіподақ көшбасшыларының белсенді жұмысын атап өтті.

«Бас келісімнің жобасы бойынша кәсіподақтар қажырлы жұмыс жүргізуде, жаңа бастамалар пайда болды, одан әрі әрекет ету жоспарлары белгіленді. Әлеуметтік серіктестер әрбір келесі ұжымдық шарттың, салалық және аймақтық келісімдердің және жалпы Бас келісімнің жұмысшылардың жағдайын нашарлатпауға, әлеуметтік кепілдіктерді жетілдіруге және нығайтуға арналғанына назар аударуы керек. Кәсіподақтар федерациясының мүшелік ұйымдары жақын арада серіктестерге Жаңа Бас келісім жобасына өз көзқарастарын ұсынады. Біздің міндетіміз-жаңа құжаттың тиімді нормаларын қорғауға шоғырландыру», – деп түйіндеді ол.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы