«Астана-Тазалық» компаниясына-15 жыл!

«Астана-Тазалық» ЖШС көптеген жылдар бойы елорданың дамуы мен өркендеуіне өз үлесін қосып, қаланың маңызды коммуналдық міндеттерінің бірі – көшелердің санитарлық жай-күйін, оларды абаттандыру, су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуді қамтамасыз етеді.

«Астана-Тазалық» ЖШС-нің құрылғанына 15 жыл толды. Осы жылдар ішінде кәсіпорын қалыптасу және даму жолынан өтті. Серіктестік өндірістік логистиканы, басымдықтарды бөлудің нақты схемасын және еңбек процесін ұйымдастыруды дамыта отырып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.

Кәсіпорын жұмысшылары қыстың аязы мен жаздың ыстығына, қар мен жаңбырға, демалыс және мереке күндеріне қарамастан елорданың тазалығына ерекше еңбек сіңіріп келеді. Бүгінгі таңда кәсіпорында 1868 адам жұмыс істейді. Автокөлік және арнайы коммуналдық техника саны – 472 бірлік. Қала бойынша жиналатын жалпы алаң көлемі-24 389 047 м2 құрайды. Кәсіпорынның барлық арнайы техникасы GPS-навигация жүйесімен қамтамасыз етілген. GPS басқару бөлмесі тәулік бойы жұмыс істейді. Операторлар арнайы техниканың жұмысын реттейді, жолдардағы жағдайды үнемі бақылайды. Сонымен қатар, көшелерді тазалаудың барлық циклін бақылауға мүмкіндік беретін мобильді қосымшада чаттар құрылған.

Кәсіпорын ұжымы өндірістік қызметтен басқа қаланың қоғамдық, мәдени, спорттық өміріне белсенді қатысады. 1100 жұмысшы бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері болып табылады. Кәсіподақ кәсіпорын әкімшілігімен бірлесіп әлеуметтік бағдарламаны қамтамасыз ету, ұжымдағы еңбек жағдайлары мен микроклиматты жақсарту бойынша мақсатты жұмыс жүргізеді. Өткен жылдың қараша айында барлық жұмыскерлердің жалақысы 20 пайызға, ал биыл инженерлік-техникалық қызметкерлердің жалақысы 10 пайызға артты.

Өндірістік база аумағында өткен кәсіпорынның мерейтойына арналған салтанатты іс-шараға Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов, Құрылыс кешені мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы «Астана» қалалық филиалының төрағасы Тілеулес Мадьярова, «Аманат» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сақтаған Сәдуақасов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Юсуп Келигов және аудан әкімдіктерінің, қалалық коммуналдық ұйымдардың өкілдері және кәсіпорынның еңбек ұжымы қатысты.

Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов құттықтау сөз сөйлеп, ұжымды мерейтойымен құттықтады.

Салтанатты жағдайда мерейтойлық медальдар, өндіріс озаттарына Құрмет грамоталары табыс етілді.

Құрылыс кешені мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы «Астана» қалалық филиалының төрағасы Тілеулес Мадьярова бірқатар кәсіподақ мүшелерін марапаттады.

Кәсіпорынның мерейтойына орай әкімшілік кәсіподақ комитетімен бірлесіп өндірістік учаскелер арасында футболдан спорттық жарыстар өткізді. Сондай-ақ өнер жұлдыздары Досымжан Таңатаров пен Динара Жаңабергеннің қатысуымен концерт ұйымдастырылды.