10 қазан – ҚР Кәсіподақтары күні қарсаңында Темір ауданында «Қызмет» салалық кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің ауданаралық слеті өтті.
Іс-шараға жақын жатқан Мұғалжар, Алға, Байғанин аудандарының кәсіподақ жастары қатысты.
Кеш барысында кәсіподақ жастарының бір-бірімен тәжірибе алмасуы, интеллектуалдық ой-өрістерін жетілдіру және өңіріміздің тарихи-мәдени мұраларымен танысу сияқты ауқымды шаралар қамтылды.
Ең алдымен жастардың арасында психологиялық кедергіні алып тастау мақсатында бейресми форматта кездесу ұйымдастырылып, еліміздегі, өңіріміздегі жастар саясаты бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды, әрбір қатысушымен жеке танысу өткізілді және жастардың идеялары ортаға ұсынылды.
Кейін слеттің негізі бөлігі интеллектуалдық сайыс ұйымдастырылып, 4 ауданның командалары жарысқа түсті. Облыстық ішкі саясат басқармасының облыстық жастар ресурстық орталығының мамандарымен әзірленген әлем және Қазақстан тарихынан, түрлі ситуациялық сұрақтардан құралған сұрақ жауап форматындағы 6 турдан тұратын сайыс өте әсерлі әрі қызықты өтті.
Командалық ауызбіршілікті көрсететін сайыста белсенділік танытып, өздерінің зияткерлік деңгейлерін көрсетіп, қалған қатысушылардан оқ бойы озып шыққан Темір ауданының жастары интеллектуалдық сайыстың облыстық кезеңіне жолдама алды.
Өңіріміздің қалған аудандарының қатысуымен өтетін ауданаралық жастар слёты жақын аралықта Қобда және Ырғыз аудандарында өтетін болады.