Қазақстан Кәсіподақтар күні мерекесі қарсаңында Кәсіподақтар федерациясы аппаратының бастауыш кәсіподақ ұйымының қолдауымен Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының және «Келешек» жастар кеңесінің өкілдері бірлесіп кәсіподақ қозғалысы ардагерлерінің үйлеріне барып құттықтады.
Осындай іс-шаралар арқылы кәсіподақтар ұрпақтар сабақтастығын, аға буынды құрметтеу, тәлімгерлерді құрметтеу дәстүрін қолдауда.
Солардың арасында Кәсіподақтар Үйінде түрлі қызметте ұзақ жылдар тынымсыз еңбек еткен, бүгінде лайықты еңбек демалысына шыққан ардагерлер Фаина Шкурко, Раушан Бейбітова, Валентина Бородина, Надежда Серяпкина, Людмила Сердюк, Анатолий Слухай, Любовь Логвиненколар бар.
Кездесу барысында еңбек ардагерлері сол уақыттағы кәсіподақ ұйымдарының қызметін, еңбекшілердің мүддесін қорғау жолындағы жұмыстарын әңгімеледі.
«Кәсіподақ қозғалысы көптеген жылдар бойы әлеуметтік-еңбек мүдделері мен жұмысшылардың құқықтарын қорғап, өзінің лайықтылығын дәлелдеп келеді.Ұжымдарды біріктіріп, оларда қолайлы микроклиматты қалыптастыруда кәсіподақтардың көптеген игі бастамалары бар. Бүгінгі таңда кәсіподақ қозғалысы заман ағымына ілесіп, үнемі жетілдіріліп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға зор үлес қосуда»,- деп атап өтті Кәсіподақтар федерациясының аппаратында қызмет еткен ардагер Раушан Бейбітова.
«Келешек» жастар кеңесінің өкілдері еңбек ардагерлерін кәсіподақ күнімен құттықтап, мұндай кездесулер өскелең ұрпақ үшін баға жетпес тағылым екенін жеткізді.
Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының өкілдері мен Кәсіподақ жастары ардагерлерге сыйлықтар табыстай келе, зор денсаулық, бақ-береке, жақсы мерекелік көңіл-күй, өмірде шуақты күндер тілеп, кәсіподақ ұйымының дамуына сіңірген еңбегі, белсенді азаматтық ұстанымы және кәсіподақ мүшелеріне қамқорлық жасағаны үшін үлкен алғысын айтты.
Тосын құттықтауға қуанған ардагерлер өз ризашылықтарын білдірді.