Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы атқару комитетінің жаңа оқу жылындағы алғашқы кеңейтілген отырысын өткізді.
Жиынға Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Раушан Серікова және атқару комитетінің мүшелері, аудандық және қалалық, бастауыш кәсіподақ төрағалары қатысты.
Күн тәртібінде бірнеше сұрақ талқыланды. Алдымен салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының маманы Айжарық Серімбетов кәсіподақ ұйымдарында алдағы уақытта өткізілетін іс-шаралар туралы баяндады. Өз кезегінде құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиев кәсіподақ жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, қоғамдық ұйымының оң имиджін қалыптастыруға назар аудару қажеттігін тілге тиек етті.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі заңнаманы қадағалауға, білім саласы қызметкерлері үшін заманауи қауіпсіз және қолайлы еңбек жағдайларын жасауға қоғамдық бақылаудың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыстар туралы сөз болды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Қарғалы аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлнара Байменшина баяндады.
Одан кейін Қобда аудандық кәсіподақ ұйымында сала қызметкерлері үшін қосымша еңбек және әлеуметтік-экономикалық кепілдіктерді қалыптастыру мәселелерінде әлеуметтік әріптестіктің тиімділігін арттыру жөнінде төраға Қуанышкерей Ибраев баяндады.
Атқару комитетінің отырысында сонымен қатар басқа да бірқатар мәселелер қаралды. Жиын соңында жаңа оқу жылына жүктелген міндеттер нақтыланып, тиісті қаулылар қабылданды. Сонымен қатар облыстық кәсіподақ төрағасы Раушан Серікова аудандық кәсіподақ төрағаларына сын-ескертпелер айтып, бірқатар міндеттерді жүктеді.
Отырыс жұмысын қорытындылай отырып, облыстық кәсіподақ төрағасы Атқару комитетінің мүшелеріне ашық диалог үшін алғыс білдіріп, әріптестерді әлеуметтік әріптестік аясында кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін белсенді қорғауға шақырды.
Айта кетейік, жиынның салтанатты бөлігінде Раушан Серікова әріптестерін Қазақстан кәсіподақтары күнімен құттықтап, бірқатар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағаларына Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының марапаттарын табыстады.