Кәсіподақтар күніне орай ШҚО кәсіподақтар орталығында салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, облыстағы бірқатар сала өкілдерінің еңбегі еленді.
Шара барысында сөз алған «ШҚО кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы Темірбек Қасымжанов кәсіподақтар – жұмысшылардың мүдделері мен құқықтарын қорғауға арналған маңызды қоғамдық институт екенін айтып, оның негізгі міндеттеріне тоқталды.
– Кәсіподақ қызметінің маңызды бағыттарының бірі – әлеуметтік әріптестік жүйесіне қатысу. Ал негізгі міндеті – әлеуметтік әріптестік, ұжымдық шарттық қатынастар жүйесі арқылы жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту. Өңірімізде әлеуметтік диалогтың бұрыннан қалыптасқан дәстүрі бар. Ол 2021 жылдың 14 сәуірінде қол қойылған ШҚО әкімдігі, облыстық кәсіподақтар және жұмыс беруші бірлестіктер арасындағы өңірлік келісім арқылы жүзеге асырылуда. Өңірлік үшжақты келісім еңбек қатынастар саласындағы әлеуметтік маңызы бар мәселелерді дер кезінде және тиімді шешуге өз ықпалын тигізуде, – деп атап өтті ол.
Салтанатты жиында облыстың түкпір-түкпірінен келген әр сала қызметкерлеріне, кәсіподақ ұйымының мүшелеріне түрлі дәрежедегі марапат, наградалар мен алғыс хаттар табысталды.
«ШҚО кәсіподақ орталығы» АКБ марапат алған барлық қызметкерлерді лайықты наградаларымен құттықтап, жұмыстарына табыс тілейді!