АБЫРОЙЛЫ ҚЫЗМЕТПЕН ҚҰРМЕТТІ ДЕМАЛЫСҚА

Көп жылдар бойы білім саласында қызмет етіп, өзінің бар білімі мен тәжірибесін қызметіне арнап, кейінгі ұрпаққа үйретудегі аға буынның еңбегі әрқашанда құрметке лайық. Осындай құрметке лайық Сайрам ауданы білім бөлімі №24 М.Махажанов атындағы жалпы орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Кенжекулов Салыбек Баратович бүгінгі күні зейнеткерлік жасқа жетіп отыр.

Ұлағатты ұстаздар мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шарада ұжым мүшелері мен көп жылдар бойы қызмет атқарған әріптестері Кенжекулов Салыбек ағай туралы жылы лебіздерін жеткізді.

Әріптестерінің айтуынша, Салыбек ағай білім беру саласында 40 жылдан астам уақыт тынымсыз еңбек етіп, бүлдіршіндерді тәрбиелеу жолындағы міндетін абыроймен атқарып, мектеп ұжымының заман талабына сай жұмыс жасауына өлшеусіз үлес қосқан білікті ұстаз болды.

Ұжымда орны ерекше, еңбегі ерен ұстазға “Шапағат-педагог” білім қызметкерлері жергілікті кәсіп одағының төрайымы Гульнара Тлеубердиева жүрекжарды лебізі мен ыстық ықыласын білдіріп, қуанышқа толы күнмен құттықтады. Сонымен қатар, мерейтой иесіне “Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісімен және Қазақстан Республикасының Оқу – ағарту министірі Ғ.Бейсембаевтің Алғыс хатымен марапаттап, кәсіподақ атынан мерекелік сый-сияпаттар табыстады.

Кәсіби шеберлігін шыңдауда ойы мен сөзі бір жерден шығып және онысы өз әрекетінен айқын көрініп тұратын, өзі үшін емес өзгелер үшін, жас ұрпаққа және әріптестеріне, ұлтына берер пайдасын ойлаған ардақты жанға деген ыстық ықыластарын білдіріп, тілек айтқан ұжым өкілдері Кенжекулов Салыбек ағайға құрмет көрсетті.