Жыл сайын Халықаралық еңбек ұйымының қолдауымен әлемдегі барлық кәсіподақтар 7 қазан – Дүниежүзілік лайықты еңбек күнін атап өтеді. Бұл күннің басты міндеті – лайықты еңбекті қорғау үшін әлемдегі барлық кәсіподақтардың күшін жұмылдыру. Ағымдағы жылы Дүниежүзілік лайықты еңбек күніне 10 жыл толуына орай, елімізде бұл күн «Күнкөріс деңгейі және жалақыны көтеру» ұранымен өткізілуде. Осы ретте аталған іс-шараны қолдау мақсатында «Шапағат-педагог» білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гульнара Тлеубердиева салалық кәсіподақ ұйымына қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларымен кездесу өткізді.
Кездесуде Гульнара Тлеубердиева «Ең төменгі еңбекақы мөлшерлерін арттыру, оның уақтылы төленуі, еңбекақы төлеудегі кемсітулерге жол бермеу мәселелері кәсіподақтардың жұмысында ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес» – деп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең төменгі жалақы мөлшерін 70 000 мың теңгеден 85 000 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешімі, Кәсіподақтар федерациясының әртүрлі алаңдарда қазақстандық жұмысшылардың жалақысын дәйекті түрде жоғарылату бойынша бастама көтергендігінің арқасында жеткен жетістік екенін жеткізді.
Сондай-ақ, жиын барысында еңбек ұжымының өзекті мәселелері талқыланып, айлық жалақының уақытылы төленуі, еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, еңбек және ұжымдық шарт талаптарының орындалуы мен қызметкерлердің өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты әлеуметтік мәселелері сөз етіліп, бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларының есептері тыңдалды.