КҮНКӨРІС ДЕҢГЕЙІ ЖӘНЕ ЖАЛАҚЫНЫ КӨТЕРУ

«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев пен «Түркістан облысы бойынша ауыл, орман шаруашылығы табиғат және жануарлар әлемін қорғау қызметкерлері кәсіподағының жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарғали Шолданбаев Түркістан облысы, Созақ ауданының орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі КММ-нің бастауыш кәсіподақ ұйымында «Күнкөріс деңгейі және жалақыны көтеру» ұранымен жиын өткізді.


Жиында аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев сөз сөйлеп, «Бүгінде Кәсіподақтар федерациясы – еңбек адамдарының мұң-мұқтажын, мүдделерін, еңбек құқығының бұзылмауын қадағалап, оған әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсететін басты ұйым. Елімізде болып жатқан түрлі жетістіктер мен жақсылықтарда кәсіподақ ұйымдарының қосып жатқан үлесі мол. Жалпы алғанда, кәсіподақтардың басты функциясы – еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін бірінші кезекте мүше ұйымдары арқылы кәсіпорындар деңгейінде де, жалпы қоғамда да қорғау. Сонымен қатар ең төмен және іс жүзіндегі еңбекақы мөлшерлерін арттыру, оның уақтылы төленуі, еңбекақы төлеудегі кемсітулерге жол бермеу мәселелеріне, сондай-ақ еңбек заңнамасының барлық нормаларының, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің қатынастарын регламенттейтін ұжымдық шарттардың бұлжытпай орындалуын қамтамасыз ету болып табылады» – деп айтып өтті.


Бұдан бөлек жиын барысында еңбек ұжымының өзекті мәселелері талқыланып, қатысушылар еңбеккерлердің өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты айлық жалақының уақытылы төленуі, еңбек қауіпсіздігінің сақталуы мен еңбек қатынастарын реттеу және құқықтық көмек көрсету жайлы сөз өрбітті.
Жиын соңы марапаттау миссиясымен жалғасын тауып, онда кәсіподақ төрағасы Сапарғали Шолданбаев «Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні» кәсіби мерекесіне орай бірқатар белсенді кәсіподақ мүшелеріне салалық кәсіподақтың «Елеулі еңбегі үшін» медалі мен Құрмет грамоталарын табыстап, жиналған қауымды атаулы мерекемен құттықтады.