ntime.kz: ОАЕКК-нің IV отырысы: Орталық Азия кәсіподақтары еңбек көші-қоны мәселелері бойынша келісімге қол қойды

Шымкентте Орталық Азия кәсіподақтары кеңесінің Бас хатшысы – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің төрағалығымен ОАЕКК-нің ІV отырысы өтті. Оның жұмысына Кеңес мүшелері, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Моңғолия ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары, сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық көші-қон ұйымының сарапшылары және бес елдің ұлттық кәсіподақ орталықтарының делегациялары қатысты.

ОАЕКК ІV отырысының күн тәртібінде Орталық Азия елдеріндегі еңбек көші-қонын реттеу мәселелерін қарау, ОАЕКК Жастар кеңесін құру жөніндегі нормативтік актілерді, халықаралық және ішкі туризмді дамыту тұжырымдамасын бекіту, марапаттау қызметінің тұжырымдамасын талқылау және «2023 жылғы Орталық Азия елдері кәсіподақтарының үздік ұжымдық шарты» өңірлік байқауының қорытындыларын шығару.

Кеңестің отырысын аша отырып, ОАЕКК Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин қатысушылардың назарын Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Кеңеске төрағалық еткен жылдағы өңірлік кәсіподақ бірлестігі қызметінің қорытындыларына аударды.

«Кеңес құрылған сәттен бастап біз ұлттық кәсіподақ орталықтарын біріктіру жолында бірлесіп үлкен қадам жасадық. Біз елдеріміздегі әлеуметтік және еңбек қатынастарын жақсартуға, мәдени, спорттық және сауықтыру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін бірқатар іс-шараларды сәтті ұйымдастырдық. Осы бір жыл ішінде елеулі жұмыстар атқарғанымызды айта кеткен жөн. Біз Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің (ОАЕКК) логотипін, туын әзірлеп, веб-сайтын жасадық. Бұл біздің одақ қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттырудағы маңызды қадам болып табылады. Өткен кездесуде біз аймақтық ынтымақтастықты нығайту, кәсіподақ жастар саясаты және Орталық Азия кәсіподақтарының бірыңғай коммуникациялық стратегиясы сияқты маңызды мәселелерді талқылаған болатынбыз. Біз өңірімізде әлеуметтік-экономикалық дамудың үлкен әлеуетін көрсететін туризмді дамытуға баса назар аудардық. Сонымен қатар, біз ұлттық кәсіподақ орталықтары арасында туризм саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық, бұл осы саладағы ынтымақтастығымыздың жаңа мүмкіндіктерін ашады», – деді ОАЕКК Бас хатшысы.

Сатыбалды Дәулеталин Кеңес мүшелерінің алдында тұрған негізгі міндеттерді де айқындап берді.

«Бүгінде біздің алдымызда өңірімізде әлеуметтік әділеттілікті ілгерілету міндеті тұр. Біз күш-жігерімізді жаңа әлеуметтік келісімшарт жасауға және лайықты еңбек үшін жағдай жасауға бағыттауымыз керек. Тек осылайша біз әлеуметтік-экономикалық жүйелеріміздің барлық деңгейлерде тұрақты дамуын қамтамасыз ете аламыз. Кірістерді бөлудегі теңсіздік пен кедейлік әлеуметтік-экономикалық даму жолында елеулі кедергілер болып қала береді. Қазіргі қоғамдық келісімді өзгертіп, ортақ мақсаттарымызға жету үшін жұмыс істейтін уақыт келді. Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесін нығайту және оның мүмкіндіктерін кеңейту Орталық Азия өңіріндегі 15 миллион Еңбекшілер үшін лайықты еңбек пен әлеуметтік әділеттілік жағдайларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің Бас хатшысы.

ОАЕКК-нің мүшелері-Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Моңғолия Ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары өздерінің құттықтауларында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының өңірлік кәсіподақ бірлестігінің үдемелі дамуына қосқан үлесін атап өтіп, күн тәртібінің негізгі мәселелері және ұйымның даму мүмкіндіктері туралы өз пікірлерімен бөлісті.

Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Кудратилла Рафиков Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясына ОАЕКК дамыту бойынша тиімді жұмысы үшін алғыс айтып, әріптестерінің қарауына бірнеше ұсыныстар енгізді – ұлттық үкіметтер үшін бірыңғай ұсыныстар әзірлеу бойынша арнайы жұмыс тобын құру және ОАЕКК-нің халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына кіру мәселесін бірлесіп пысықтау.

Тәжікстан ұлттық кәсіподақ орталығының басшысы Маликшо Нематзода әріптестерін еңбек миграциясы мәселелерін шешуге белсенді қатысуға шақырды.

Қырғызстан кәсіподақтар федерациясының басшысы Эмиль Кызаев тақырыпты жалғастырып, СПЕКА аясында шекаралық ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті.

Өз кезегінде Моңғолия кәсіподақтары конфедерациясының төрағасы Эрдэнэбат Сухбаатар Кеңестің халықаралық және жаһандық институттармен екіжақты ынтымақтастығын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

ACTRAV/ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия департаментінің басшысы Сергеюс Гловацкас ОАЕКК мен Халықаралық еңбек ұйымы арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейі жайында сөз қозғады.

«ОАЕКК-бұл өзін-өзі қамтамасыз ететін, сұранысқа ие, ресми емес, нақты жұмыс істейтін ұйым. Кеңеспен бірлесіп, Халықаралық еңбек ұйымы осы екі жыл ішінде он шақты іс – шара өткізді. Ынтымақтастық туралы Алматы декларациясына қол қойылды және іс-шаралар жоспары қабылданды», – деді халықаралық сарапшы. Ол Кеңес мүшелерінің назарын 19, 97, 102, 118, 181 және басқа да ХЕҰ-ның конвенцияларын ратификациялауды ілгерілету мәселесіне аударды. Олардың барлығы еңбек көші-қоны мәселелеріне қатысты.

Күн тәртібінің тақырыбын Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) өкілі Алпамыс Асабаев жалғастырды. Оның айтуынша, Қазақстан еңбек мигранттарын қабылдайтын ел болса, өңірдің басқа мемлекеттері еңбек көші-қонының донорлары болып табылады. Қазақстан үкіметі көші-қон жөніндегі тұжырымдаманы (2023-2027 жж.) қабылдады, оған сәйкес еңбек нарығында және қоғамда мигранттарды интеграциялау жөніндегі бағдарламалар іске асырылуда. ХКҰ статистикасы бойынша, 2020-2023 жылдар аралығында Қазақстанда 725 мыңға жуық халықаралық мигрант тіркелген, олардың шамамен 60% – Өзбекстан азаматтары, одан әрі Ресей, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген еңбек мигранттары орналасқан. Сарапшы ХКҰ-ның Орталық Азиядағы өкілдігі ОАЕКК мүшелерімен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті. Отырысқа қатысушылар өз елдеріндегі көші-қон саясаты саласындағы ахуал туралы баяндамалар ұсынды. Жаһандану жағдайында, сондай-ақ геосаяси және экономикалық дағдарыстардың өсуі жағдайында көші-қон процестеріугығатын болады деген пікірге келісті. Күн тәртібінің бірінші мәселесін талқылауды ОАЕКК Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин қорытындылады.

«Еңбек көші-қоны-елдеріміз арасындағы интеграциялық процестердің бірі. Кәсіподақтар үшін өңірдегі еңбек көші-қонын заңдастыру мәселесі маңызды. Ұлттық деңгейлерде біз үкіметтер үшін еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау жөнінде ұсыныстар көздеуіміз керек, өңірлік деңгейде – еңбек көші – қоны мәселелерін шешу жөнінде бірлескен стратегия әзірлеуіміз қажет», – деп атап өтті ОАЕКК басшысы.

Өңірдегі еңбек көші-қоны мәселесін қараудың негізгі қорытындысы еңбек көші-қоны саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы ОАЕКК ұлттық кәсіподақ орталықтары арасында келісімге қол қою болды. Құжатқа Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстан кәсіподақтары федерацияларының төрағалары қол қойды. Құжатқа сәйкес, бес мемлекеттің ұлттық кәсіптік орталықтары өз елдерінің үкіметтері деңгейінде еңбек мигранттарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелерін ілгерілететін болады. Сондай-ақ кәсіподақтар еңбек мигранттары келген елде заңдық және консультациялық көмек пен жәрдем көрсетуге, «Еңбекші мигранттар туралы» ХЕҰ 97, «Көші-қон саласындағы теріс пайдалану туралы және еңбекші-мигранттарға мүмкіндіктер мен қарым-қатынас теңдігін қамтамасыз ету туралы» 143 конвенцияларын ратификациялауды ілгерілетуге ниетті.

ОАЕКК-нің IV отырысы барысында Кеңес мүшелері бес мемлекеттің кәсіподақ жастарының мүдделерін ілгерілетуге арналған ОАЕКК Жастар кеңесінің құрамы мен ережесін бекітті.

Іс-шараның күн тәртібіне сәйкес Халықаралық және ішкі туризмді дамыту тұжырымдамасы бекітіліп, марапаттау қызметінің тұжырымдамасы қаралды.

Отырыс соңында Кеңес мүшелері «2023 жылғы Орталық Азия елдері кәсіподақтарының үздік ұжымдық шарты» өңірлік байқауының қорытындысын шығарды. Оның жеңімпаздары ОАЕКК басшысының қолынан марапаттарға ие болды. Байқаудың қорытындысы бойынша Өзбекстанның “Termiz Dario porti” ЖШҚ (“Термиз өзен порты”), Тәжікстанның Нұрек ГЭС, Моңғолияның Азаматтық авиация бас басқармасы, Қырғызстаннан «Тазалық» муниципалдық кәсіпорны және Қазақстаннан «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі және соған байланысты кәсіпорындар» АҚ-ның бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көмегімен қабылданған ұжымдық шарттар үздік деп танылды.

2024 жылы Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің төрағалығы Тәжікстанның Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясына өтеді, сәйкесінше Кеңес мүшелерінің V отырысы Душанбеде өтеді.