«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі білім беру қызметкерлерінің жалақасын көтеру тақырыбында онлайн форматта семинар өткізді. Алдымен семинарды ұйым төрағасы Раушан Серікова алғысөзімен ашып, кәсіподақ ұйымының кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғау — басты назарда екенін тілге тиек етті.Қашықтықтан кездесуге 100-ге жуық ауданның мектептері мен мектепке дейінгі оқу мекемелерінің басшылары, есепшілері, кәсіподақ көшбасшылары мен қызметкерлері қатысты.
Семинарда Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиев пен еңбек қауіпсіздігі жəне еңбекті қорғау жөніндегі маман Нұрлан Жетпісбай білім қызметкерлеріне жалақы төлеу мәселелері бойынша баяндап, жұмысшы мен жұмыс беруші арасында жасалатын еңбек шартының талаптары, жұмыскердің құқықтары мен міндеттері туралы жан-жақты ақпарат берді.
Семинарда педагог қызметкерлер үшін маңызды мәселелер – педагог қызметкерлерді жұмысқа қабылдау және босату жағдайлары, жалақы мәселелері, сондай-ақ күн тәртібінен түспейтін күнделікті еңбек қатынастарына байланысты құқықтық мәселелер аясындағы сұрақтар талқыланды.