Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің оқыту курсы басталды

24 қазанда ҚР Кәсіподақтар федерациясы Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен белсенділеріне арналған 36 сағаттық оқыту курсы өз жұмысын бастады. Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиеваның қатысумен Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің бірінші онлайн-кездесу өтті.

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, кәсіподақ жұмысын одан әрі жетілдіру, еңбек адамының мүддесі мен беделін жан-жақты қорғау, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауатты жоғары болуының маңызды екендігіне тоқталып, осы орайда кәсіподақ мүшелеріне белсенді өзара қарым-қатынасты дамытуға шақырды.

ҚРКФ төрағасының орынбасары Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің мән-мақсаты, бағдарламасы, жалпы жұмысымен және алдағы іс-шаралармен таныстырды.

«Оқыту семинарларының арқасында кәсіподақ мүшелері еңбек қатынастары мәселелері бойынша өз білімдерін кеңейтіп, оны қызмет барысында қолдануына зор мүмкіндік алады. Айта кетейік, өткен жылы Кәсіподақтар федерациясы мен оның ұйымдары 35 мыңға жуық кәсіподақ мүшелеріне оқыту семинарларын өткізді. Кәсіподақ көшбасшылары мектебінің басты мақсаты – жас кәсіподақ белсенділері мен жетекшілерін жан-жақты даярлау», – деді Гүлнар Жұмагелдиева.

Семинарды әрі қарай, Кәсіподақтар федерациясының Ұйымдастыру және бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова жалғастырып, кәсіподақ қозғалысындағы көшбасшының рөлі аясында мағлұмат берді. Ләззат Айдарханқызы өз баяндамасында кәсіподақ көшбасшысының жұмысының ерекшелігі оқытумен, дамытумен, тәрбиемен, кәсіподақ мүшелерінің қызметіне басшылық етумен және бақылаумен байланысты екенін, оның жұмысының негізгі мазмұны – адамдармен белсенді қарым-қатынас жасаудан бастау алатынын айтты.

Кәсіподақ көшбасшысы өзінің жеке қасиеттерін зерттей және түсіне отырып, кәсіподақ жұмысын орындауға қойылатын жоғары талаптарға белсенді бейімделе алады. Тиімді әрекеттер мен кәсіби жетістіктерге кәсіби дағдылар, шыдамдылық, еңбекқорлық, табандылық арқылы қол жеткізіледі.

Сондай-ақ, семинар барысында Ләззат Айдарханқызы тұлғааралық қарым-қатынастың негізгі заңдылықтарын білу және оны қолдану жөнінде нақты мысалдарға тоқталып өтті.

Семинар соңында қатысушылар тақырыпқа байланысты көкейлерінде жүрген сұрақтарын ортаға салып, толыққанды жауаптар ала алды.

Айта кетейік, Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ оқуын жандандыруға және жетілдіруге бағытталған бірқатар шаралар қабылдады. Әртүрлі санаттағы кәсіподақ қызметкерлері мен белсенділері үшін кәсіподақ оқуының бағыттарын анықтай отырып, оқыту семинарларының сұранысқа ие бағдарламалары әзірленді.Салалық, аумақтық бірлестіктер мен Кәсіподақтар федерациясы аппаратының тәжірибелі қызметкерлері қатарынан лекторлар пулы құрылды.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Кәсіподақ көшбасшылары мектебі алдағы уақытта өз жұмысын әр алуан тақырыптармен жалғастырады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы