Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Астана қаласындағы орталық кеңсесінде Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директорының орынбасары Эммануэль Жюльен және жақында осы лауазымға ие болған ХЕҰ-ның Қазақстандағы аймақтық өкілі Талғат Өміржанов болды.
Халықаралық сарапшыларды қарсы алған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева өз қатарында екі миллионға жуық кәсіподақ мүшелері бар 23 салалық, 17 аумақтық кәсіподақ бірлестіктерін біріктіретін елдің ең ірі қоғамдық ұйымының қызметі туралы айтып берді.
Гүлнар Жұмагелдиева атап өткендей, ҚР Кәсіподақтар федерациясы және оның мүшелік ұйымдары әлеуметтік әріптестік шеңберінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ҚР Парламенті жанындағы жұмыс топтарында өкілдігі бола отырып, норма шығармашылығы қызметіне белсенді қатысады. Бұдан басқа, ҚРКФ және оның мүшелік ұйымдары Бас келісім, салалық және өңірлік келісімдер мен ұжымдық шарттар бойынша әлеуметтік әріптестермен бірлескен жұмыс шеңберінде қазақстандық қызметкерлердің мүдделерін ілгерілету және құқықтарын қорғау жөніндегі нормаларды енгізеді. ҚРКФ төрағасының орынбасары халықаралық нормаларды ілгерілетуге ерекше назар аударды.
«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ХЕҰ конвенцияларын ратификациялау және әлеуметтік-еңбек саласына халықаралық стандарттарды енгізу мәселесі бойынша мақсатты жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта Қазақстанда 25 конвенция ратификацияланды. Біз елде ратификациялау қажет болатын негізгі конвенцияларды анықтадық. Олардың ішінде 102, 131, 176, 190 және басқалары бар», – деп атап өтті Гүлнар Жұмагелдиева.
Халықаралық еңбек ұйымымен ынтымақтастық туралы айта келе, ҚРКФ төрағасының орынбасары өзара тиімді ынтымақтастықты алға тартты. Оның айтуынша, Федерация ХЕҰ – мен бірлесіп бейресми және платформалық жұмыспен қамту мәселелері бойынша, кәсіподақтардың климаттық өзгерістер процесінде еңбек нарығындағы рөлі бойынша бірнеше зерттеулер жүргізді.
«ХЕҰ-мен бірлескен зерттеулердің нәтижелері жақында қабылданған Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексінде көрініс тапты. Халықаралық еңбек ұйымының Жұмысшылар бюросымен ынтымақтастық нығайып келеді, соңғы уақытта он шақты өңірлік және халықаралық семинарлар мен конференциялар өткізілді», – деді Гүлнар Жұмагелдиева.
Өз кезегінде Халықаралық еңбек ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директорының орынбасары Эммануэль Жюльен ХЕҰ экономикалық жетістіктермен қатар әлеуметтік аспектілерді де дамытуды ұсынатынын атап өтті.
«Теңдестірілген экономика дұрыс әлеуметтік реформаларды қажет етеді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде айттық. ХЕҰ басымдықтары – гендерлік теңдік және бірлестіктер бостандығы – Қазақстан үшін өзекті болып қала береді», – деді Эммануэль Жюльен.
Оның әріптесі, ХЕҰ-ның Қазақстандағы аймақтық өкілі Талғат Өміржанов Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік реформаларды ілгерілетудегі рөлін атап өтті.
«Қазақстан кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік-еңбек саласында көптеген игі бастамаларды ұсынып отыр. Мен ХЕҰ-ның 131 және 190 конвенцияларын ратификациялауға қатысты ҚХР бастамалары туралы хабардармын. Әлеуметтік серіктестер бұл жұмысты жандандыру керек», – деп ұсынысын білдірді Халықаралық еңбек ұйымының Қазақстандық өкілі.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы 1993 жылдың 31 мамырынан бастап ХЕҰ-ның мүшесі. Халықаралық еңбек ұйымы – БҰҰ-ның мамандандырылған агенттігі, ол әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын, халықаралық деңгейде адам құқықтары мен еңбек құқықтарын ілгерілетуге бағытталған.
Халықаралық еңбек ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директорының орынбасары Эммануэль Жюльеннің Қазақстанға сапары 28 қазанға дейін жалғасады. Халықаралық сарапшы әлеуметтік-еңбек саласындағы жағдаймен танысып, Қазақстанның құзырлы ведомстволары мен мемлекеттік органдарымен кеңесуді жоспарлап отыр.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы