«Жастар» сарайының ұжымы сеніммен қарайды

Республика күні мерекесі аясында Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағының кеңесшісі, Астана қаласы филиалы төрағасының орынбасары, Әлібек Саттаров Астана қаласы әкімдігінің «Жастар сарайы» МКҚК кәсіподақ активімен кездесті.

Ол құттықтау сөзінде қазіргі уақытта республикалық және жергілікті деңгейде шешіліп жатқан барлық өзекті мәселелерге тоқталды. Жалақыны ұлғайту және тек кәсіби шеберлігі үшін ғана емес, сонымен қатар ұйым қызметкерлеріне тікелей әсер ететін зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында үстемақы қосу мәселесін атап өтті.

Сондай-ақ, күн тәртібінде жалақыны көтеру санаттарының негізгі тізіліміне әлі енгізілмеген әкімшілік-техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесі де бар.

«Бұл мәселелер кәсіподақтардың, жұмыс берушілер мен атқарушы биліктің өзара үйлесімді іс-әрекетінің нәтижесінде шешімі табылады деп күтеміз»,-деді Ә.Саттаров.

Кәсіподақ комитетінің төрайымы Светлана Рақышева бастаған «Жастар» сарайының ұжымы барлық жүктелген міндеттердің тез арада шешілетініне сенім білдіріп, қашанда үміт пен оптимизмді жоғалтпау әрқашан маңызды екенін жеткізді.

Жиын соңында бірқатар еңбек озаттары мен белсенді кәсіподақ мүшелеріне Салалық кәсіподақ ұйымының марапаттары табыс етілді.

«Еңбек даңқы» медалімен Алла Королева марапатталды. Алғыс хаттар және Құрмет грамоталарына Серғазы Нұртаев, Сәния Тухтынова, Руслан Цыганков, Назира Сапаровалар ие болды.