ҚРКФ Атқару комитеті Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының Конгресіне делегаттар ұсынды

3 қараша, жұма күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің басшылығымен ҚРКФ Атқару комитетінің кезекті отырысы өтті.

Отырыста 29 қарашада Анкарада (Түркия) өтетін Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының I Конгресіне делегаттарды ұсыну мәселесі мақұлданды.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Ұйымға қатысушы мемлекеттердің 48 миллион еңбекшісінің әлеуметтік-еңбек, кәсіптік, экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі жаңа құрылым шеңберінде кәсіподақтардың іс-қимылдарын шоғырландырудың өзектілігін атап өтті.

«Түркі мемлекеттерінің Кәсіподақтар ұйымына мүше болу бізге еңбекшілердің құқықтарын қорғау және әділеттілік қағидаттарын, жаңа әлеуметтік Шарттың ережелерін еңбек адамының игілігі үшін ілгерілету бойынша күш – жігерімізді біріктіруге мүмкіндік беред», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ Төрағасы атап өткендей, соңғы жылдары түркі елдерінің ұлттық кәсіптік орталықтары елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтты және Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі шеңберінде де ынтымақтастықты белсенді дамытуды жалғастыруда.

ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмағелдиева өз сөзінде 26 шілдеде ҚРКФ Атқару Комитеті ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін ынтымақтастық көкжиегін кеңейту аясында жаңа халықаралық құрылым құру мәселесі бойынша шоғырландырылған шешім қабылдайтынын еске салды. 29 шілдеде Әзірбайжан Республикасының Шуше қаласында құжатқа түркі мемлекеттерінің – Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия және Өзбекстанның төрт ұлттық кәсіптік орталығының басшылары қол қойды.

Екі айдан кейін Самарқандта Ұлттық кәсіптік орталықтардың басшылары ұйымның негізгі институттарын құрды, оның басшылық құрамын сайлады және ұйымның құрамына жаңа мүше – Қырғызстан кәсіподақтар федерациясын қабылдады. Отырыста ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Түркі мемлекеттерінің кәсіптік одақтар ұйымының Бас хатшысы болып сайланды.

«Жаңа халықаралық кәсіподақ құрылымының Жарғысына сәйкес мүше ұйымдар мүшелік ұйымның басшы органының шешімімен тікелей делегация арқылы Конгреске 10 делегатты сайлайды», – деді Гүлнара Жұмагелдиева.

Атқару комитетінің мүшелері ҚР Кәсіподақтар Федерациясынан ұсынылған делегация құрамын қолдады. Оған ҚРКФ төрағасы бастаған салалық және аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің кәсіподақтары, сондай-ақ “Келешек”жастар кеңесінің өкілдері кірді.