Қызылордада ҚуатАмлон Мұнай компаниясы сот шешіміне сәйкес жұмыскерлерге Ұжымдық шартта қарастырылған инфляция деңгейімен есептелген индексация төлемін жүргізді.
Жылдан аса ұзақ уақытқа созылған сот процесстерінде кәсіпорынның жергілікті кәсіподағы мен Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі үш жүзден аса жұмыскерлердің мүддесін білдіріп, жұмыскерлердің заң шеңберіндегі еңбек құқықтарының сақталуын талап етті.
Бұған дейін ішінара қанағаттандырылған сот шешімінен соң кәсіподақтар ағымдағы жылдың шілде айында компанияға Ұжымдық шарт талабы бойынша сыйлықақыны толық төлеуді міндеттеу туралы Қызылорда қалалық сотына қайта арыз берген болатын. 2023 жылғы 23 тамыздағы Қызылорда қалалық соты шешімімен талап-арыз қанағаттандырылып, Компанияға сыйлықақыны 2021 жылғы инфляция деңгейі ескеріле отырып бір айлық жалақы мөлшерінде төлеу міндеттелді. Дегенмен, Компания қалалық сот шешімімен келіспей, облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсірді.
26 қазан 2023 жылы Қызылорда облыстық соты «ҚуатАмлонМұнай» компаниясы әкімшілігінің бұл шағымын қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім етті.
2023 жылдың қарашасында ғана тиісті төлемдерін алып, құқықтары қорғалған жұмыскерлер Соттардың әділ шешімі мен кәсіподақтардың қажырлы қызметтеріне ризашылықтарын ерекше ықыласпен білдірді.
Еске салсақ, аталған Компанияда жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасында 2021 жылы қабылданған Ұжымдық келісім шартқа сәйкес компания қаржылық-экономикалық жағдайына байланысты жұмыскерлер жалақысын индекстелуіне уағдаласқан. Келісімде компанияның жұмыскерлерге 2021 жылғы инфляция деңгейін ескере отырып төлемақы төлеуді жүргізетіндігі, төлемақы 2021 жылдың соңында сыйлықақы түрінде төленетіндігі белгіленген болатын. Дегенмен осы уақытқа дейін компания жұмыскерлерге келісімге сәйкес уақытылы төлем жүргізбей, Ұжымдық шарт талабын толық орындамай келді.