КӘСІПОДАҚ ЖЕТЕКШІЛЕРІ ЕКІ КҮНДІК СЕМИНАРДА ТӘЖІРИБЕЛЕРІМЕН БӨЛІСТІ

Астана қаласында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының кәсіподақ өкілдеріне арналған екі күндік семинары өтті. Семинарға Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарының кәсіподақ ұйымдарының филиал басшылары мен аппарат қызметкерлері, аудандық, қалалық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының 60-қа жуық төрағасы қатысты.


Семинарды кіріспе сөзімен ашқан Салалық кәсіподақ төрағасының орынбасары Виктор Веженаров кәсіподақ қызметінің басым бағыты құқықтық қызмет екенін тілге тиек етіп, семинардың өзектілігі мен маңыздылығына тоқталды.Екі күн бойы Салалық кәсіподақтың Орталық комитетінің өкілдері еңбек және еңбекті қорғау туралы заңнаманың сақталуына қоғамдық бақылау жүргізу, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, кәсіподақтың ақпараттық жұмыстарын жандандыру сынды жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.


Семинардың бірінші күнінде қаржы жұмыстары, қаржылық құжат айналымы, кәсіподақ ұйымдарындағы еңбекті қорғаудың өзекті мәселелері, сала қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша өзекті тақырыптар қамтылды. Сонымен қатар есеп берулер мен сайлаулар өткізу, марапаттау құжаттарын рәсімдеу тәртібі түсіндірілді. Ал, семинардың екінші күні кәсіподақтың оң имиджін қалыптастырудағы ақпараттық жұмыстың рөлі мен орны, маңызы, міндеттері және кадрлық, қаржылық-шаруашылық мәселелері туралы ақпараттар берілді.Айта кетейік, екі күндік бағдарлама аясында кәсіподақ ұйымдары қызметінің маңызды аспектілері мен кәсіподақтар қызметінің барлық бағыттары қамтылды. Семинарға қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, толыққанды жауаптар берілді.
Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.