Қызметкерлердің өмір сүру сапасын бірлесіп жақсарту

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы (КТҒКО) кәсіподағының мүшелерімен кездесті.

Кездесуді аша отырып, Жамбыл облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов ҚРКФ басшылығының кәсіподақтың қатардағы мүшелерінің нақты жағдайын бақылауға және олардың өзекті мәселелерін ашық талқылауға мүмкіндік беретін еңбек ұжымдарымен кездесулерінің маңыздылығын атап өтті.

Кездесуге қатысушыларға медициналық мекеменің қызметі туралы КТҒКО бас дәрігері, м. ғ. д., профессор Сейтхан Джошибаев айтып берді.

“Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы қазіргі уақытта мемлекетіміздің азаматтарына да, шетел азаматтарына да медициналық көмек көрсететін ірі көпсалалы медициналық мекеме болып табылады. Орталықта қызметкерлерге кәсіби, ғылыми және мансаптық өсуге, халықаралық стандарттар бойынша жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік беріледі”, – деді Сейтхан Джошибаев.

Орталық 2007 жылы құрылды, ал 2008 жылдан бастап Жамбыл облысында туа біткен және жүре пайда болған жүрек ақаулары бойынша операциялар және коронарлық артерияларды шунттау секілді жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін кардиохирургиялық мекеме ретінде толыққанды жұмыс істей бастады.

Бүгінгі таңда мекемеде ғылыми-тәжірибелік, тәрбиелік әлеуеті жоғары, моральдық-этикалық дәстүрлері қалыптасқан мықты материалдық-техникалық базасы бар.

Кәсіподақ комитетінің төрайымы Дильфуза Камалова қатысушыларды КТҒКО кәсіподақ комитетінің жұмысымен таныстырды.

2019 жылдан бастап Орталықтың бастауыш кәсіподақ ұйымы «YNTYMAQ» салалық кәсіподақтың Жамбыл облыстық филиалының құрылымына кіреді.

Мекемеде 180 адам жұмыс істейді, оның ішінде 178 жұмысшы кәсіподақ мүшесі.

«Кәсіподақ мүшелерінің жылдан жылға тұрақты өсіп келе жатқанын атап өту өте қуанышты. Мүшелік деңгейін арттыру кәсіподақ белсенділерінің уәждемелік жұмыстың жаңа түрлерін табуға бағытталған күш-жігерінің арқасында мүмкін болды. КТҒКО-да әлеуметтік әріптестік қағидаттарына негізделген ұжымдық шарттарды реттеу әдісі табысты жұмыс істеуде. Кәсіподақ комитеті мүшелерінің сыйлықақы, еңбек даулары, үстемеақылар мен қосымша ақылардың әртүрлі түрлерін белгілеу жөніндегі комиссияның құрамына қатысуы, еңбекті қорғау мәселелерін келісу, КТҒКО әкімшілігі мен кәсіподақ ұйымының тығыз ынтымақтастығын қамтамасыз етеді, екіжақты қолдау мен өзара сенімге ықпал етеді», – деп атап өтті Дильфуза Камалова.

Жиын «YNTYMAQ» өнеркәсіп кәсіподағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Шамсат Исабековтің сөзімен жалғасып, Кәсіподақтар федерациясының басшылығына мүше ұйымдарға көрсетіліп жатқан қолдаулары үшін алғысын білдіріп, ұйымға қолдау көрсетудің және еңбек ұжымдарына арналған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында өткізілген кездесулердің ерекше маңыздылығын атап өтті.

Мекеме жұмысымен танысқаннан кейін Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев кәсіподақ пен жұмыс берушінің қызметкерлердің мүддесі үшін әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамыту жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады, сондай-ақ Ұжымдық шарт нормаларының көрсеткіштік сипатын атап өтті.

Мұхтар Тінікеев күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелерді айтып, қатысушыларды Кәсіподақтар федерациясының азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, әлеуметтік әріптестік пен халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бастамалары туралы хабардар етті.

Сөз соңында ол әріптестерін Еңбек адамының мүддесін ілгерілету бағытында кәсіподақ қатарындағы әлеуметтік диалог пен бірлікті нығайтуға шақырды.

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы пандемия кезінде бастауыш ұйымдарды қолдау және еңбек ұжымдарымен «кері байланыс» жүйесін құру мақсатында Кәсіподақтар федерациясының бастамасы болды.Осы уақыт ішінде жоба өзінің құндылығын дәлелдеп, бүгінде еңбек ұжымдарында мәселелерді ашық талқылап, оларды шешудің оңтайлы шараларын қабылдаудың тиімді алаңына айналды.Бүгінде кәсіподақ – елдегі еңбекшілердің мүддесін қорғайтын, еңбекшілердің ең өзекті мәселелерін шешетін бірден-бір ұйым», – деп қосты ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы