«Қызмет» кәсіподағы елордалық қаржыгерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтады

Ұлттық валюта күнінің 30 жылдығына орай «Қызмет» Астаналық филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов «Астана қаласының қаржы басқармасы» ММ және «Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы» ММ бастауыш кәсіподақ ұйымдарына барды.

Атақозы Нұрланов мекеме басшылары Әліби Жұмаев пен Қайсар Манқараевты және басқарма ұжымдарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Қаржыгерлердің қыруар жұмысы көзге көрінбейді. Сіздер бірыңғай қаржы, бюджет, салық және валюта саясатын жүргізуді қамтамасыз ете отырып, елорданың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға елеулі үлес қосасыздар.

Сүйікті астанамыздың қаржы саласында қол жеткізілген барлық табыстар – сіздердің ерен еңбектеріңіздің жемісі. Және осы мүмкіндікті пайдалана отырып, «Қызмет» кәсіподақ ұйымының жұмысына белсене атсалысқаныңыздарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Сіздерге еңбектеріңізде табыс, отбасыларыңызға бақыт тілеймін», – деп атап өтті Атақозы Нұрланов.

Сондай-ақ, елордалық филиал төрағасы кәсіподақ жұмысына белсене қатысқаны, көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі үшін және Ұлттық валюта күнін мерекелеуге байланысты кәсіподақ ұйымының жекелеген мүшелеріне марапаттар табыстады.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек пен «Қызмет» салалық кәсіподағының ұсынысы бойынша «Қазақстан Республикасының Қаржы қызметінің үздігі» ведомстволық төс белгілерімен «Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы» ММ басшысының орынбасары, басқарманың бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айжан Түгелбаева және «Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы» ММ бюджеттік саясат және жоспарлау бөлімінің басшысы Мадина Бекенова марапатталды.

Аталған мекемелердің басшылары Әліби Жұмаев және Қайсар Манқараев «Қызмет» салалық кәсіподағының «Кәсіподақ қайраткері» медальдарымен марапатталды.

Кәсіподақ мүшелерінің қатарынан бірқатар қызметкерлерге Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етілді.