Кәсіподақтар ұйымдастыруымен балалардың сурет байқауы қорытындыланды

«Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Келешек» жастар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен Республика күні мерекесіне арналған балалар суреттері республикалық байқауына Қызылорда облыстық филиалынан қатысқан балаларды марапаттау мақсатында Қызылорда қаласының сол жақ жағалауында орналасқан Жастар орталығы, № 19 қалалық кітапханасының оқу залында салтанатты іс шара өтті.


Шараның алғы сөзі «Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Нәлібаев Мақсұт Ыбырайханұлына беріліп, өңірдегі жастарға жасалып жатқан жұмыстар туралы, бүгінгі шара өтіп жатқан Жастар орталығында жастар мен балаларға арналған түрлі үйірмелер, балалар кітапханасы жұмыс жасайтынын, байқауға қатысқан балалардың ынталығы жоғары екенін, осындай шараларға қатыса отырып шыңдала түсетінін, қатысқан әрбір бала жеңімпаз екенін айта отырып, балаларға, ата-аналарына, кәсіподақ мүшелеріне белсенділіктері үшін алғысын білдірді.


Байқауға Қызылорда облыстық филиалынан кәсіподақ мүшелерінің балалары, барлығы 18 бала қатысты. Байқауға қатысып, белсенділік танытқан өнерлі балаларға Қызылорда аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев пен «Қызмет» салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәуле Тұрсынбаева дипломдар мен арнайы сыйлықтар табыстады.