ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Салалық кәсіподағы өкілдерінен құралған жұмыс тобы Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды. Мақсат – аттестаттау процесін автоматтандыру және ұлттық платформаның бірыңғай ақпараттық жүйесі жобасымен, еңбек қатынастары мәселелері бойынша педагогтар қауымына түсіндірме жұмыстарын жүргізу.
Педагогтар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу – жемісті жұмыс процесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Жаңа ақпаратты меңгерген мамандар өз кезегінде әріптестеріне де кеңес бере алады.
Жұмыс сапары екі күнді қамтыды. Бірінші кездесу Қостанай ауданының орталығында болса, түстен кейін Қостанай қаласының Смарт-орталығында облыстың аудандық ББ, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтармен кездесуге жалғасты. Кездесу алдында екі апта бұрын ашылған Смарт-орталықтың жұмысымен танысты.
Орталықта балалардың жан-жақты дамуына керемет жағдай жасалған: киберспорт, инженерия, виртуалды әлем және 3D модельдеу, робототехника, авиа модельдеу, гидропоника, аквапоника бағыттарындағы заманауи техникаларымен жабдықталған. Балалардың шығармашылық танымын дамыту мақсатында керемет радио, видео, фото және дыбыс жазу студиялары жұмыс істейді.
Кездесулер барысында қатысушыларға егжей-тегжейлі қажетті ақпарат берілді. Ұлттық платформаның жұмыс істеу механизмі және аттестаттау тәртібінің жобаларымен “Өрлеу” ҰБАО Оқу істері жөніндегі департаменті басшысы М.Өмірәлиева таныстырды. Педагогтар бұл жобаларды үлкен ықыласпен қабылдады.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева жиынға қатысушыларды Салалық кәсіподақтың атқарып жатқан жұмысына шолу жасады. Іс-шара барысында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.Сонымен қатар, қатысушылардың көптеген сұрақтарына жауап берілді.
Кездесулер сындарлы деңгейде өтті. Ұстаздар осындай түсіндірме жұмыстарының жиі болуын айтып, алғыстарын білдірді.Жалпы кездесулерге 500-ге жуық педагог қатысты.