КӘСІПОДАҚТАР – ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ !

Жыл сайын 25 қараша күні бүкіл әлемде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін Халықаралық күрес күні атап өтіледі.


Бүгін Еңбекші әйелдер істері жөніндегі Өңірлік комиссияның мүшелері, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Қарағанды облысы Кәсіподақтар Орталығы жанындағы «Келешек» Жастар кеңесі Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты ай Қарағанды облыстық қоғамымен, «Игілік әлемі» қоғамдық ұйымымен бірлесіп «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» (25 қарашадан 10 желтоқсанға дейін) акциясының және Қазақстанда «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жою туралы» Халықаралық еңбек ұйымының №190 Конвенциясының қағидаттарын ілгерілетуді қолдауға арналған ақпараттық флешмобының басталуын ұйымдастырды.
Акция Қарағанды облысының Кәсіподақтар үйінің алдындағы алаңда басталып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік» және гендерлік саясат тұжырымдамаларын таратумен қатар жүрді.


Жақында әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Қарағанды облыстық үшжақты комиссиясының жұмыс тобының отырысында кәсіподақтар Тарапының бастамасымен «Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, оның ішінде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» республикалық акциясы шеңберінде іс-шаралар өткізу туралы» мәселе қаралды.


Осы әлеуметтік толғандыратын тақырыпты талқылау барысында Кәсіподақтар федерациясы мен оның өңірлік бөлімшелерінің Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссиясының жұмысындағы негізгі мақсаттар – әйелдердің әлеуметтік қорғалуы, олардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, отбасын нығайту, кәсіби мүдделерін қорғау, әр адамның еңбек әлеміне, зорлық-зомбылық пен қысымшылықтан, соның ішінде гендерлік зорлық-зомбылық пен харассменттен бостандыққа құқығын бекітуге бағытталған заңнамалық бастамалар екендігі атап өтілді.


Сонымен қатар, қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсы тұру мәдениетін тәрбиелеу мақсатында кәсіподақтар «Үнсіз қалмаңыз!» акциясына, кездесулер, заңдық кеңес берулерде, оқыту семинарлары және интегративті алаңдарға қатысуға ниетті.