Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Жалпыға бірдей құқықтық окыту» атты кәсіподақ жобасын іске асыру мақсатында, ағымдағы жылдың соңына дейін кәсіптік одақтардың мүшелері болып табылмайтын еңбек ұжымдары өкілдерінің қатысуымен бірқатар оқыту семинарларын өткізу жоспарланған.
Осы орайда «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев пен бас маман Ерлан Жандарбеков еңбекті қорғау саласындағы мәселелер мен еңбек қызметіне байланысты жарақаттардың, аурулар мен жазатайым жағдайлардың, сондай-ақ еңбек даулары мен жанжалдарының алдын алу, ұжымдық және еңбек шарттарын сақтау тақырыптарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында «Элит Cтрой Company» ЖШС еңбеккерлерімен кездесу өткізді.
Кездесуде бірлестіктің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев, «Бүгінгі таңда Кәсіподақтар федерациясының қызметінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселесі басым бағыттардың бірі болып табылады. Осы орайда әр кәсіпорында бекітілген еңбек, ұжымдық шарттарда әр жұмысшының денсаулығы мен жұмысқа қабілеттілігін сақтау бірінші кезекте болуы тиіс. Әлеуметке бағдарланған кез-келген кәсіпорын бәрінен бұрын апаттың, жарақаттанушылықтың және кәсіби аурулар деңгейін төмендетуге мүдделі болуы тиіс»-деді.
Сондай-ақ, еңбеккерлерге еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, еңбек қатынастарын реттеу және жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында техникалық инспекторларының құқықтары мен өкілеттіктерін түсіндіріп өтті.
Сонымен қатар, кәсіподақ қозғалысын дамыту және кәсіподақ мүшелерінің санын арттыру мақсатында, қатысушыларға кәсіподақ мүшелігіне өтуге шақырды.
Кездесу соңында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, пікір алмасып, қойылған сұрақтарына жауаптарын алды.