ТҮРКІ ЕЛДЕРІНІҢ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ АРҚАСЫНДА ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР АШЫЛУДА

Бүгін Астанадағы «Әзірбайжан сауда үйінде» елордалық кәсіподақ мүшелеріне Әзірбайжанның ең танымал шипажайлары туралы ақпараттық таныстырылым болды.

Әзірбайжан елінде кәсіподақ орталықтарымен тығыз байланыс жасап отырған «АZE TURIZM» компаниясының директоры Анна Маммадова сауықтыру және демалыс үшін барлық қажетті инфрақұрылымға ие шипажайлар туралы және емделу курстары жөнінде пайдалы бағдарлама ұсынды.

Ол компанияның 17 жылдан астам уақыт бойы Әзірбайжанда медициналық сауықтыру және туризм саласында сапалы қызмет көрсетуде серпінді жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, осы аймақтағы емдік фактор ретінде ерекше табиғи өнім – нафталан майы қолданысына тоқталды.

А.Маммадова кәсіподақ мүшелерін диагностика мен дәрігердің ұсыныстарына сәйкес таңдау жасай отырып, санаторийлердің бірінде емделу курсынан өтуге шақырды.

Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов Түркі елдерінің кәсіподақ ұйымының ынтымақтастығы еңбек адамының құқығын қорғаумен қатар, денсаулығын жақсартуға жаңа мүмкіндіктерге жол ашылғанын айтып, компания өкілдеріне алғысын білдірді.

Қатысушылар Әзірбайжан еліндегі шипажайларға қатысты сұрақтарға жауап алып, қызығушылық ниеттерін жеткізді.