Құқықтық сауаттылық – бірінші орында

«Құқықтық білім» кәсіподақ жобасы аясында Алматы облысының кәсіподақтар орталығы жұмысшыларды еңбек заңнамасының нормалары мен ережелеріне үйрету және кәсіподақ қозғалысына тарту мақсатында ZOOM платформасы арқылы ҚР Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен оқыту семинарын өткізді. Семинарды федерацияның ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Л. Есжанова өткізді.  Оқыту семинарына Алматы және Жетісу облыстарынан 100-ге жуық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, белсенділері қатысты.

Семинардың жұмысын аша отырып, Кәісподақтар федерацияның ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Л.Есжанова қатысушыларды ҚР Кәсіподақтар федерациясының қызметіндегі соңғы оқиғалар туралы хабардар етті.

«5 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының қазақстандық делегациясы Брюссельдегі Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық өңірлік кеңесінің V Бас Ассамблеясының жұмысына қатысты. Онда ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ХКК Бүкілеуропалық өңірлік кеңесінің вице-президенті, Молдова Ұлттық кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Игорь Зубку Бүкілеуропалық өңірлік кеңесінің Президенті болып сайланды», – деп хабарлады Ләззат Есжанова.

Ол сондай-ақ Кәсіподақтар федерациясы соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі және Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы сияқты халықаралық кәсіподақ құрылымдарын құрудың бастамашысы болғанын атап өтті.

Семинар барысында өз кезегінде сөз алған ҚР Кәсіподақтар федерациясының лекторлар пулының мүшесі М.Боранбаева «Әлеуметтік әріптестік. Ұжымдық шарт»  тақырыптары бойынша кеңінен талқылап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар, семинар спикері еңбек қатынастары, ұжымдық шарттың қажеттілігі, Еңбек кодексі, Ұжымдық шарттың тараптары. Ұжымдық келіссөздер жүргізу, ұжымдық шартты әзірлеу және жасасу тәртібі жайында қатысушыларға кеңінен түсіндіре отырып, осы тақырыптарды Қазақстан Республикасы заңнамалығына сәйкес, әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес құқықтық міндеттерін талап ету жолдарын слайд арқылы нақты дәлел келтіре отырып, егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.

Әрі қарай семинар ашық пікір алмасу форматында жалғасты. Кәсіподақ активінің толғандырған сауалдарына нақты жауаптар беріліп, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.