«Шапағат-педагог» білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен білім беру саласы қызметкерлерінің күнделікті қызметіне қатысты нормативтік – құқықтық актілерді түсіндіру және таныстыру мақсатында Сайрам ауданы білім бөліміне қарасты №20 С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясында және Қарабұлақ ауылы №100 жалпы білім беретін мектебінде, Қасымбек датқа ауылы №29 К.Тленшин атындағы жалпы білім беретін мектепттердің мәжіліс залында, бастауыш ұйымдарының келісу комиссиясы мүшелерімен «Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Еңбек дауын келісу комиссиясында шешу тәртібі» тақырыбында оқу семинары өтті.
Семинарға Қазақстандық оқу-ағарту ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының құқықтық жұмыс, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Райхан Кидирбаева, “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының” Түркістан облыстық ұйымы ҚБ төрағасы Жандос Шайдулла және бас маманы Бақтияр Абдурайымов, «Шапағат-педагог» білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрайымы Гульнара Тлеубердиева және келісу комиссиясының мүшелері қатысты.
Семинарда Райхан Кидирбаева білім саласының белсенді кәсіподақ мүшелеріне семинар сабақ өткізу барысында келісу комиссиясының атқарар қызметі мен жауапкершілігі туралы кең ауқымды түсінік берді. Білім саласында кездесетін дау-дамайлардың ұтымды, Заң негізінде шешілуіне ықпал етіп, белсенділік танытатын, ұжымның сенімін ақтай алатын тұлға «келісу комиссиясының» мүшелері екенін атап өтті.
ҚР Еңбек кодексінің 23 бабы 2 тармағының 26 тармақшасына сәйкес ҚР Еңбек кодексінде белгіленген тәртіппен жұмыс беруші Келісу комиссиясын құруға міндетті. Еңбек кодексінің 159-бабының 8-тармағына сәйкес Келісу комиссиясының мүшелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, еңбек дауларында келіссөздер жүргізу және консенсусқа қол жеткізу дағдыларын дамыту бойынша жыл сайынғы оқытудан өтуге міндетті.
Семинар соңында қатысушылар өздерінің көкейтесті сұрақтарын қойып, Райхан Кидирбаева қойылған сұрақтарға жауап беріп, өзінің кеңесін беріп, өз тәжірибесінде болған мысалдар келтіріп, осы дауларды шешудің жолдарымен бөлісті.
Семинардың барлық қатысушыларына игерілген тақырып бойынша әдістемелік құралдар және Келісу комиссиясының мүшелеріне оқудан өткендігін растайтын сертификат берілді.
Кездесу соңында ұстаздар өздерінің алғыстарын білдіріп семинар жоғары деңгейде өткенін атап өтті.