Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне арналған «Тәуелсіздік құрдастары – Келешек кәсіподақ көшбасшылары» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел жұмысына еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестер, облыстық кәсіподақтардың ардагерлері, белсенділері мен Келешек жастар кеңесі мүшелері қатысты.
Дөңгелек үстел жұмысына аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев модераторлық етіп, ел болашағы жастар мәселесін ортаға салды. Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Уалихан Ибраев әлеуметтік әріптестерді қастерлі мереке тәуелсіздік күнімен құттықтап, дөңгелек үстел жұмысына арқау болған жастар мәселесінің маңыздылығына тоқталды.
Кәсіподақ ардагері Райкүл Байназарова жастарға кәсіподақ қызметіндегі басымдылықтар туралы айтып, негізгі қүндылықтарға бағыт бағдар берді. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жастар ісі жөніндегі маманы Гүлназ Оразбек «Келешек» жастар кеңесі мүшелерімен республикада, өңірде атқарылған жұмыстар барысы туралы ақпаратпен бөлісті. Дөңгелек үстел тақырыбын «Senim» денсаулық сақтау саласы жұмыскерлері кәсіподағының белсенді жастары Меруерт Есдаулетова, Елжан Беріков және білім саласы кәсіподақтарының жастар кеңесі мүшесі Алтынбек Ләзи жастар еңбегі, жұмыспен қамтылуы, кәсіподақ қатарында болуы тұрғысындағы өз пікір-ойларымен жалғастырды.
Талқыланған мәселе қорытындысымен еңбеккер жастарды қолдау мақсатындағы Қарар қабылдады. Қарарда қатысушылар қоғамның белсенді мүшелерінің, жас еңбеккерлердің тұрмыс сапасын жақсартуды, лайықты жалақы төлеуді және білімдері мен тәжірибелерін жетілдіруді әлеуметтік әріптестік шеңберінде дамыту бағытындағы ұсынымдар білдірілді. Бірқатар кәсіподақ белсенділеріне Кәсіподақтар Федерациясының марапаттары, Қызылорда облысы әкімдігі Алғыс хаттары, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі марапаттары табысталды. Сонымен қатар кәсіпрдақтардың белсенді жастарына Жаңақорған шипажайына бес күндік демалысқа жолдамалар тапсырылды. Кәсіподақ жастары демалыс орынында ем алумен қатар тәжірибе алмасу алаңында пікір алмасып, еңбек заңнамасы, көшбасшылық тақырыптары бойынша білімдерін шыңдайтын болады.