Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Комиссия отырысына облыстық кәсіподақтар орталығының басшылығы, салалық кәсіподақ ұйымдарының басшылары, жергілікті атқарушы органдардың басқарма басшылары, барлық аудан әкімдері мен бірқатар өндіріс ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Жиында еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, еңбек қатынастарын реттеу, жалақыны уақтылы төлеу, лайықты еңбек жағдайларын жасау, еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау мәселелері қаралды.
Комиссия отырсында Жамбыл облысы әкімдігінің Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов облыстағы еңбек жағдайының ахуалына тоқталды. Басқарма басшысының мәліметтері бойынша, мемлекеттік еңбек инспекторларымен 2023 жылдың 11 айында 126 жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, 179 заң бұзулықтар анықталып, жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 70 нұсқама беріліп, 1024 жұмыскердің құқықтары қорғалған. Жыл басынан бері облыстың 1503 кәсіпорны 37884 жұмыскердің жалақысын орта есеппен 25,1 пайызға көтерген. Биыл жыл басынан бері жазатайым оқиғалар саны 47 жағдайды құрап, онда зардап шеккендер саны 61 адамға жеткен. Мерт болғандар саны 8 адамды құрап отыр.
Әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық және аудандық үшжақты комиссияның 128 отырысы өтіп, онда 147 мәселелер қаралып, 1400 жұмыскердің еңбек құқығы қорғалған.
Бүгінгі күнге Жамбыл облысы бойынша 18 кәсіпорында «Vision Zero» нөлдік жарақат концепциясы, 13 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобалары енгізілген.
Кездесуде сөз алған облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов облыстағы кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарында жалақы қарызына бол бермеу мәселесінің маңыздылығын облыс әкімінің назарына жеткізді.
Комиссия отырысын қорытындылаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуге бағытталған осындай үшжақты комиссия отырысының маңыздылығын ескере отырып, отырыста көтерілген барлық мәселерлер мен ұсынытар бойынша комиссия мүшелеріне және барлық аудан әкімдері мен тиісті басқармаларға тапсырмалар беріп, бірқатар міндеттерді жүктеді.
Жамбыл облысы кәсіподақтар
бірлестігінің баспасөз қызметі