Бүгін Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы салалық кәсіподақ ұйымдары филиалдары төрағаларының қатысуымен кеңейтілген Үйлестіру кеңесін өткізді.
Елордалық кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов күн тәртібіндегі мәселелерді атап өтіп, баяндамашылармен таныстырды.
Алдымен Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дәмежан Садуақасова зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарға арнайы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың міндетті шарттарын атап өтті. Арнайы әлеуметтік төлем-бұл бұрын зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге төленетін төлем. Төлем 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүргізіледі деп жоспарлануда.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген азаматтарға 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізу бойынша тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен тиісті заңнамалық өзгерістер әзірленгенін атап өтті. Заңнаманы Сенат мақұлдады, Президент қол қойды. Қазіргі уақытта ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіле бастады,- деді баяндамашы.
– «Біріншіден, арнайы әлеуметтік төлемді көп жылдар бойы жұмыс істеген, 55 жасқа толған және 7 жыл бойы өздеріне жиынтық жарналар аударған азаматтар алады. Арнайы әлеуметтік төлем төрт қаражат көзінен беріледі: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде; өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан; жұмыс берушілердің қаражаты есебінен, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен. Төлемдердің орташа мөлшері 208 мың теңгеге жетеді және 63 жасқа дейін төленеді. Азаматтар арнайы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс»,-деп толықтырды Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дәмежан Садуақасова.
Бұдан басқа Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты, «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдері тарапынан да түсіндірме берілді.
Өз кезегінде салалық кәсіподақ филиалдарының жетекшілері тізімге енбей қалған кәсіби сала мамандары бойынша сұрақтарын қойды. Кәсіподақ белсенділері осы мәселе жөнінде құзырлы министрліктерге бірнеше жылдан бері хат жазғандарын да жеткізді.
Жиын соңында 2024 жылы Үйлестіру кеңесі мүшелерінің Павлодар және Қарағанды облыстарына өзара тәжірибе алмасу мақсатында жұмыс сапарлары талқыланып және «Қазақстан кәсіподағы» газетіне жазылу барысы қаралды.