“ТЕҢ ҚОҒАМ” ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ КЕШІ

«Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалына қарасты “Тең қоғам” әлеуметтік қолдау орталығында “Ғажайып жаңа жыл 2024” атты мерекелік іс- шара өтті. Мүгедектігі бар азаматтар мен ерекше балаларға ұйымдастырылған жаңа жылдық шырша кешінде концерттік бағдарлама, сықыршы көрінісі, би және түрлі ойын сауықтар көрсетіліп, сыйлықтар табысталды.

 


Мерекелік шараға арнайы қатысқан Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева мен “Тең қоғам” әлеуметтік қолдау орталығының директоры Ерсұлтан Амзеев қызмет алушыларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ақжарма тілектерін жеткізді.
-Баршаңызды келе жатқан 2024 Жаңа жылмен құттықтаймын! Жаңа жыл мерекелі, берекелі болсын. Әр бүлдіршіннің денсаулығында жақсы өзгерістер болып, арман – үміттеріңіз ақталғай,- деді басқарма басшысы Жанат Өтебаева.


Жалпы, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Тең Қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы» жыл басынан бері 13 мыңға жуық мүгедектігі бар азаматқа ақпараттық–консультациялық, әлеуметтік, құқықтық, жұмысқа орналасуға кеңес беру, психологиялық көмек түрлерін көрсетті. Мамандардың көмегімен 1000-нан астам адам әлеуметтік қызметтер көрсету порталы арқылы көмекші техникалық құралдарын алған. Орталық мамандары ерекше жандарға әлеуметтік қолдау көрсетіп қана қоймай, әр мерекеде түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, оларға ерекше көңіл -күй сыйлап келеді.