Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі алаңында еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлер үшін арнаулы әлеуметтік төлемді енгізуді түсіндіру бойынша жиын өтті.
Жиынға Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Төреахмет Жолымбетов, Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Талант Ерманов, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының облыстық филиал басшысы Гүлсім Денеева, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облыстық филиал маманы Арнұр Құрманғали, кәсіподақ ұйымдары төрағалары мен белсенділері қатысты.
Түсіндірілетін мәселенің өзектілігі және жаңа әлеуметтік төлем бойынша жұмыскерлердің ақпараттануы маңыздылығына тоқталған аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов еңбек жағдайлары бойынша жаңа жобалардың жүзеге асуындағы кәсіподақтар ролін атап өтті.
Мамандардың түсіндіруі бойынша, әлеуметтік төлемдерді қаржыландыру төлемді ресімдеу сәтіндегі зиянды жағдайлардағы жұмысқа байланысты төрт не екі қаржыландыру көзінен жүзеге асырылатын болады.
Арнаулы әлеуметтік төлем проактивті түрде, яғни жұмыскерлердің өтінішінсіз тағайындалады және «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ ресімдейтін төлем тапсырмасы негізінде бірыңғай төлеммен жұмыскердің банктегі шотына түседі.
Төлем мөлшері төрт көзден алынған жағдайда орта есеппен шамамен 208 мың теңгені құрайтын болады.
Жұмыскер зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемдер алады. Зейнетақы тағайындалғаннан кейін төлемдер тоқтатылады.
Арнаулы әлеуметтік төлемдер еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерді қорғау құралдарының бірі болып табылады. Сондықтан төлем алушы еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыса алмайды.
Бұл ретте арнаулы әлеуметтік төлем алу үшін жұмыскер жұмыс берушімен келісу бойынша сол кәсіпорындағы еңбек жағдайлары зиянды емес басқа жұмысқа ауысуды ресімдеу немесе кәсіпорыннан тыс еңбек жағдайлары зиянды емес басқа жұмысқа өз бетінше орналасу немесе еңбек қызметін тоқтату шарттарының бірін таңдауы тиіс.
Арнаулы төлем бойынша жиынға қатысушы кәсіподақ белсенділерінің сұрақтарына мамандар жауап беріп, аталған жаңа төлемнің есептелу әдістерін түсіндірді.