Жаслан Ғабдуғалиев көпбалалы отбасында дүниеге келген. Кішкентай кезінен бастап теміржол саласы қызықтырған. Өйткені ата-анасы да, ата-әжесі де теміржол станцияларында жұмыс істеген.
«Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» демекші, Жаслан Ғабдуғалиев ата-ана жолын жалғап, отбасылық тізбекті жалғастырды. Олар: Ғабдуғалиев Сембай Қозыбайұлы (Шоққарағай станцияның бастығы, темір жол өтілі 42 жыл) және Мәриям Рыспекқызы (Күншаш станцияның бастығы, темір жол өтілі 40 жыл) Қостанайдағы жол бөлімшесінде жалғыз отбасы болған, сонымен қатар екі жұбайы да станция бастықтары болып жұмыс істеген. Бүкіл бір әулеттің атадан балаға берілетін кәсібі арқылы елдің ризашылығына, құрметіне бөленуі сол еңбектің ақталғанын көрсетсе керек.
Жаслан Сембайұлы еңбек жолын 1999 жылы монтер 1 жолынан бастаған. 2000 жылдан бастап Қостанай «Жолаушылар тасымалы» ЕМК бақылаушы-ревизоры қызметін атқарған. 2002 жылы «Қостанай пайдалану вагон депосы» АҚ инженер технолог болып жұмыс істеген. 2003 жылы мамырдан 2014 жылдың қаңтарға дейін Көліктік бақылау басқармасында жетекші маман болып, содан кейін темір жол көлігі бойынша бақылау бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалған.
2016 жылдың наурыз айында «Вокзал-сервис» АҚ Солтүстік өңірлік филиалы вокзалының бас инженері болып ауыстырылды.
Бүгінгі таңда Жаслан Сембайұлы “KTZ Express”АҚ филиалы-“KTZE Северный” мультимодальды компанияда есеп бөлімінің бас маманы болып жұмыс істейді. Жаслан Сембайұлы өзінің еңбегімен отбасы жолын жалғастыра отырып, кәсіпорынның өркендеуі мен дамуына зор үлес қосып келеді, көрген-білгенін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді.