ЕТЖ айқындау әдістемесінің жобасын қоғамдық талқылауға шығарылды

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) Дүниежүзілік Банктің сарапшыларымен бірлесіп Ең төмен жалақыны айқындау әдістемесінің жобасын әзірледі. Министрлікте ұсынылғандай, ЕТЖ орташа жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалатын болады.

Еңбекмині Дүниежүзілік Банктің сарапшыларымен бірлесіп халықаралық тәжірибеге талдау жүргізді, ол ең төмен жалақыны (бұдан әрі – ЕТЖ) белгілеу бойынша неғұрлым кең таралған үш тәсілдің бар екенін көрсетті: бірыңғай ұлттық ЕТЖ; өңірлер, салалар және кәсіпорындар бойынша ЕТЖ сараланған мөлшері; қызметкерлердің әртүрлі санаттары үшін ЕТЖ.

Бүгінгі күні Халықаралық еңбек ұйымына (бұдан әрі – ХЕҰ) мүше елдердің 90 %-да ЕТЖ белгіленеді. Оның 84 %-да ЕТЖ деңгейі заңмен белгіленеді, қалған 6 %-да – жұмыс берушілер, қызметкерлер, кәсіподақтар және басқа да мүдделі тараптар арасында ұжымдық шарт жасасу жолымен белгіленеді.

Бұған дейін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ХЕҰ ұсынған стандарттарды ұстануды – заңда белгіленген ЕТЖ-ның орташа жалақыға қатынасы болып табылатын Кейц индексін кемінде 50% деңгейде ұстауды ұсынды.

ХЕҰ деректеріне сәйкес әлемнің дамыған елдеріндегі Кейц индексі шамамен 55 %-ды құрайды. Қазақстанда ол айтарлықтай төмен – 2023 жылы 34% болды.

Еңбек министрлігі ХЕҰ-ның халықаралық тәжірибесі мен ұсынымдарын ескере отырып, ЕТЖ мөлшерін медианалық жалақы мен еңбек өнімділігінің көрсеткіштерін пайдалана отырып анықтауды ұсынды.

Барлық жалдамалы қызметкерлердің 50% жалақы мөлшерін және түзету көрсеткіші ретінде әрекет ететін еңбек өнімділігін көрсететін медианалық табысты критерийлер ретінде пайдалану ЕТЖ мөлшерінің теңгерімділігін қамтамасыз етеді. Осындай тәсіл қызметкерлердің кірістері мен өндірілетін тауарлар, жұмыстар мен қызметтер көлемі арасында нақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Баспасөз қызметі хабарлағандай, ЕТЖ айқындау әдістемесінің жобасы қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.