Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығы 2023 жылғы қызметін қорытындылады

Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының үйлестіру кеңесі өтті. Кеңес барысында облыстың Кәсіподақ ұйымының 2023 жылғы атқарылған жұмыстары бойынша есеп беріліп, салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының 2024 жылға арналған іс-шаралар жоспары талқыланды.

Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының төрайымы А.Есекенова Қауіпсіз еңбек жылынды атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру барысында жыл басынан тіркелген жазатайым оқиғаларға ерекше тоқталып, жергілікті және салалық кәсіподақ төрағаларына аталған мәселеге ыждағатпен қарауды міндеттеді.

Атап айтқанда, 2023 жылы облыс көлемінде 39 өндірістік жазатайым оқиға тіркелді (оның ішінде 3 топтық). Олардың ішінде 13 оқиға кәсіподағы бар кәсіпорындарда орын алған. Жалпы жапа шеккен адамдар саны – 47, соның ішінде кәсіподақ мүшелерінің саны – 14 адамды құрайды. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда әлдеқайда аз болғанымен, оқиғаларды болдырмау бойынша жұмыстар көптеп жүргізілуі тиіс екеніне басты назар аударды.

Сонымен қатар, салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының төрағалары 2024 жылға арналған іс-шаралар жоспарындағы маңызды шараларды атап өтіп, өз сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты.