Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясының Атқару комитетінің қаулысымен «Абай облысы кәсіподақтар орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі құрылды. 18 қаңтар күні бірлестіктің Үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өткізілді. Кеңеске Абай облысының аумағында жұмыс істейтін салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Үйлестіру кеңесінің жаңа құрамы бекітілді. Кәсіподақтар орталығының төрағасы Зәуреш Исабаева 2023 жылы кәсіподақ ұйымдарында әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның жұмысына қатысу, ұжымдық шарттар жасау, кәсіподақ мүшелерін Қазақстан Республикасының Еңбек заңнамасы негіздеріне оқыту, еңбек дауларын шешу, кәсіподақтардың бастауыш ұйымдарын құру сияқты мәселелерді қорытындылап, «Қауіпсіз еңбек жылында» өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша істелген жұмыстарға тоқталып, орын алған жазатайым оқиғаларға талдау жасады.
Атап айтқанда, 2023 жылы облыс көлемінде 88 өндірістік жазатайым оқиға тіркелді, соның салдарынан 107 жұмысшы зардап шекті. Мұндай оқиғалардың алдын алу бойынша тиісті шаралар жүргізілу керектігіне басты назар аударылды. 2024 жылға Жол картасын әзірлеу қажеттілігін айтты. Кеңеске қатысушылар биылғы жылғы іс-шаралар жоспарының жобасын талқылап, өз пікірлерін айтып, ұсыныстарын енгізді.