Кәсіподақтық оқыту жалғасуда

Бүгін, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілген толықтырулар мен өзгертулерге түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында, Түркістан облысында жеңіл тамақ өндірісімен танылған «Балмұздақ» ЖШС-нің жұмысшыларына семинар-тренинг өткізілді.Жиынға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бегман Нурмаханов, Түркістан облысы Бақылау басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы Еркін Рахымбердиев, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі қатысты.


Семинарда департамент басшысы Бегман Нурмаханов қатысушылардың алдында алғы сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі мен Әлеуметтік кодексінің негізгі принциптеріне, өзгерістері мен толықтыруларына түсіндірме беріп, жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігі шараларын сақтауға шақырды.
Сондай-ақ, жиында мемлекеттік еңбек инспекторы Еркін Рахымбердиев жұмыскерлерге өндірістік жарақаттану мен кәсіби аурушаңдықтан сақтану, қауіпті жағдайлардың алдын алу және оны жою мәселелерін тілге тиек етіп, әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес, санитариялық-тұрмыстық жайлармен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге құқылы екендігін айтып өтті.
Өз кезегінде сөз алған аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі кәсіподақтардың әрдайым еңбеккерлердің еңбек қауіпсіздігін басты назарда ұстайтынын алға тартып, еңбек адамын ұлықтау, лайықты еңбек жағдайларын жасау, жұмысшылардың еңбек мүдделері мен құқықтарын қорғау бағытында атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырып, кәсіподақтар орталығы жанынан құрылған «Заң клиникасы» мен «Татуласу орталығы»-да тегін құқықтық көмек көрсетіліп жатқандығын айтып өтті.


Сөз сөңында кәсіподақ төрағасы серіктестікте кәсіподақ ұйымы құрылмағандықтан, кәсіподақ ұйымын ашу жолдары мен кәсіподақ ұйымы бар мекемелердің артықшылықтарына тоқталып, кәсіподақ мүшелерінің санын арттыру мақсатында қатысушыларды кәсіподақ мүшелігіне өтуге шақырды.
Жиын соңында еңбеккерлер тарапы қойылған сұрақтарына жауаптарын алып, алған мағлұматтарына өз алғыстарын білдірді.