Бүгін облыс аумағындағы кәсіпорындарда Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі мен Әлеуметтік кодексіне енгізілген толықтырулар мен өзгертулерге түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында «ФудМастер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде семинар-тренинг өткізілді.
Жиынға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бас маманы Бақберды Асанов, Түркістан облысы Бақылау басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы Еркін Рахымбердиев, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі қатысты.
Семинар барысында Бақберды Асанов осы семинардың тақырыбы уақытылы және өзекті екендігін атап өтіп, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің негізгі принциптеріне, өзгерістері мен толықтыруларына түсіндірме беріп, еңбек жағдайларын жақсарту бойынша қатысушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Өз кезегінде сөз алған кәсіподақ төрағасы Бердіғали Өмірәлі жиында еңбек қатынастарын реттеу, ұжымдық және еңбек шарттарын жасасу, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселелерін көтеріп, жұмыс берушілерді еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жағдайларына жете мән бере отырып, жазатайым оқиғаларға жол бермеуге көңіл бөлуін күшейтуге шақырды.
Әрі қарай, Еркін Рахымбердиев «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізгі принциптеріне, өзгерістері мен толықтыруларына кеңінен тоқталып, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың мәртебесі, құқықтары мен олардың міндеттерін түсіндіріп өтті.
Семинар соңы сұрақ-жауапқа ұласты.