Жаңа ұжымдық келісімшартта теміржолшылар үшін тиімді әлеуметтік қолдау қарастырылды

1 қаңтардан бастап “ҚТЖ” ҰК”АҚ мен оның еңбек ұжымы арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған ұжымдық шарт күшіне енді. Жаңа құжатта қолданыстағы нормалар мен кепілдіктерді сақтап қана қоймай, сондай-ақ төлемдерді ұлғайту және теміржолшылардың пайдасына басқа да бірқатар жақсартулар көзделген. Бұл Ұжымдық шарттың қандай ерекшеліктері бар екенін ««Қазкөліккәсіподақ» қоғамдық бірлестігі Астана қаласы филиалының төрағасы Серік Сәрсекеев айтып берді.

Ұжымдық шарт – компаниядағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін негізгі құжат. Жаңа ұжымдық шартты әзірлеу барысында өңірлерден 300-ден астам ұсыныс келіп түсті. Мен арнайы жұмыс тобының құрамына кіре отырып, тәжірибелі әріпстеріммен бірге келіп түскен ұсыныстар мен өтініштерді зерделеп, талқылап, теміржолшылар үшін жеңілдіктер мен кепілдіктер тізімін арттыруды қарастырдық,- дейді филиал төрағасы Серік Сәрсекеев.

Оның айтуынша, ұжымдық шарттың барлық негізгі тарауларына қызметкерлердің, қызметкерлердің балаларының, ардагерлер мен зейнеткерлердің, халықтың әлеуметтік осал санаттарының әлеуметтік пакетін жақсартуға бағытталған өзгерістер енгізіліпті.
Мәселен, соңғы редакцияда екі мерекелік сыйақы берілсе, енді 4 мерекелік сыйлық бекітіліп, 1 ең төменгі еңбекақы көлемінде (85 мың теңге) берілетін болды.

Сонымен қатар 3, 4 және 5 разрядты станцияларда тұратын жұмысшыларды тегін жол жүру билеттері мен жеңілдетілген жанар-жағармаймен қамтамасыз етуді жоюға байланысты ай сайынғы сыйақы екі есеге өскен. Енді 8 наурыз мейрамы қарсаңында декреттік демалыстағы әйел қызметкерлер де 8 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақыны алатын болады. Студенттерге тәлімгерлік еткені үшін тәжірибелі қызметкерлерге төленетін қосымша ақы 15%-ға дейін және жұмысқа қабылданған немесе ауыстырылған бір қызметкердің оқу жұмысы үшін 25%-ға дейін ұлғайтылған. Және қызметкерлердің жыл сайынғы еңбек демалыстарында теміржол көлігімен жол жүргенде транзиттік отырғызу уақыты 72 сағатқа дейін арттырылған.

Сондай-ақ, бұрын жұмысшыға жақын туыстары қайтыс болғанда 2 күн демалыс берілсе, енді 4 күн болып белгіленді және жерлеуге бөлінетін ақша көлемі өскен. Отбасын құрған қызметкерлерге, сәбилі болған және бала асырап алған жұмысшыларға да берілетін материалдық көмек мөлшері артқан.

«2024-2026 жылдарға арналған ұжымдық шарт – теміржолшылар үшін айтарлықтай ерекше дайындалған маңызды құжат деп айта аламын. Біз барлық міндеттемелердің орындалуын бақылаймыз және құқықтық қолдау көрсетеміз»,-деп толықтырды ««Қазкөліккәсіподақ» қоғамдық бірлестігі Астана қаласы филиалының төрағасы С.Сәрсекеев.