Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының енгізілуі

01.01.2024 жылдан бастап қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесі жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауыш – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарымен (ЖМЗЖ) толықтырылды. Бұл туралы Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының баспасөз қызметі хабарлады.


ЖМЗЖ мөлшері қызметкердің ай сайынғы табысына байланысты және жұмыс берушінің қаражаты есебінен қаржыландырылатын болады. Жұмыс берушіге түсетін жүктеменің теңгерімді болуы мақсатында ЖМЗЖ жарнаны кезең-кезеңімен ұлғайта отырып аударылатын болады:

– 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 1,5 пайыз мөлшерінде;

– 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 2,5 пайыз мөлшерінде;

– 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 3,5 пайыз мөлшерінде;

– 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 4,5 пайыз мөлшерінде;

– 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 5 пайыз мөлшерінде.

ЖМЗЖ-ны біртіндеп енгізу, сондай-ақ, оны салық салынатын табыстан шегеру жұмыс берушіге түсетін жүктемені жеңілдету үшін қарастырылған. Сонымен қатар, заңнамаға сәйкес, ЖМЗЖ барлық жұмысшылар үшін емес, тек 1975 жылы және одан кейін туылғандар үшін төленуі керек.

2024 жылдан бастап ЖМЗЖ енгізу қызметкер зейнетке шыққаннан кейін оның зейнетақымен қамсыздандырылу деңгейін арттыруға ықпал ететін болады.