Бексейітова Ұлтуар өзінің сүйікті ісіне 35 жылдан астам уақыт арнады.
Бексейітова Ұлтуар 1965 жылдың 5 наурызы күні Түркістан облысы (ОҚО) Түлкібас ауданы Жаскешу ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Түлкібас ауданы Корниловка ауылындағы С.Сейфулин атындағы орта мектебінің табалдырығын аттап 1982 жылы үздік оқушы мәртебесімен тәмамдады.
1984 жылы Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтының «Кітапханатану және библиография» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1988 жылы бітірген сон, оқу орнының жолдамасы бойынша Талдықорған облысының Кербұлақ аудандық орталық кітапханасына оқу залының аға кітапханашысы болып орналасып, кейін аға әдіскер қызметіне дейін көтерілді.
Талдықорған облысының Кербұлақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры қызметіне дейін жоғарылатылды.
1994 жылы отбасылық жағдайына байланысты бұл қызметтен өз еркімен босатылып, Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасына аға кітапханашы болып тағайындалды. Еңбекқорлығы, жұмысқа деген жауапкершілігі, өзіне қойған талаптың жоғары екендігі ескеріле отырып 2001 жылы абонемент бөлімінің меңгерушілігіне дейін жоғарылатылды.
2012-2021 жылдары жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімінің, мерзімді басылымдар секторының меңгерушісі болды, ал 2022 жылдан бастап ақпараттық – библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің меңгеруші қызметін атқарады.
Басқару және ұйымдастырушылық қасиеттердің арқасында жұмысты бір жүйеге келтіре білді. Осының негізінде мақсаттар мен міндеттер жүйесін құру және олардың сәтті орындалуын қамтамасыз ету. Кітапханада жұмыс істеген жылдары Ұлтуар Ынтымаққызы өзін адал басшы ретінде көрсетті.
Көпжылдық еңбектің нәтижелері көптеген марапаттардан көрініс тапты. Атап айтқанда, 2008 жылы кітапхананың 30 жылдық мерейтойына орай Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасының, 2011 жылы облыстық мәдениет басқармасының, 2013 және 2015 жылдары №6506 әскери бөлімшесінің құрмет грамоталарына, 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хатына, 2016 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, 2018 жылы Шымкент қалалық мәдениет, тілдер және архивтер басқармасының грамотасымен, 2018 жылы Ұлттық Академиялық кітапхананың Алғыс хатымен, 2020 жылы Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің және «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен, 2022 жылы Қазақстан кітапханалық Одағының «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапатталған.
Ұйымдастырушылық қабілеттерінің арқасында кітапханада кітаптармен байланысты түрлі мерекелер мен іс-шаралар өткізіліп тұрады. Олардың ішінде: “Балалар мен жасөспірімдер кітабы апталығы”, “Білім күні” жазғы оқу бағдарламасы және тағы басқалар.
Ұлтуар Ынтымаққызы өз міндеттерін орындауға деген белсенділігі, бастамашылдығы, шығармашылық көзқарасы үшін әріптестері арасында лайықты бедел мен құрметке ие.