Кәсіподақ тарапынан әлеуметтік төлем алу талаптары түсіндірілді

 

Павлодар облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі “Болат Нұржанов атындағы ГРЭС-1” ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының шақыруымен зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін заңнама бойынша түсіндірулер жүргізілді.

Спикерлер ретінде Павлодар облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Динара Айтжанова, “Қазақстан Республикасының Павлодар облысы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті” РММ басшысы Алмагүл Мұхамедова, “Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті” ММ түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Галина Бирюкова сөз сөйледі, “Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ Павлодар филиалының және “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” АҚ Павлодар филиалының өкілдері және Павлодар облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің “Татуласу орталығының” басшысы Марина Иванова.

Спикерлер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін арнайы әлеуметтік төлемді алу тәртібін, мерзімдерін, шарттарын; әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен тегін медициналық қызметтерді алу шарттары мен тәртібін түсіндірді.

Кездесуге қатысушылардың әрқайсысы өз қалауы бойынша БЖЗҚ-дан үзінді көшірме және арнайы әлеуметтік төлемді тағайындау ережелері мен болжамды мөлшері бойынша жеке кеңес алды.


“Еңбек ұжымымен кездесудің өзектілігі серіктестік қызметкерлері үшін уақтылы түсініктеме алу қажеттілігінен туындады. Кәсіподақ комитетіне, станция басшылығына Еңбек адамы мүддесі үшін іс – шара ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамыз”, – деп атап өтті электр станциясының қызметкерлері.