Екібастұз МАЭС технинспекторлары біліктілігін арттыруда

Кезекті семинар-тренинг Екібастұз қаласында Б. Нұржананов атындағы МАЭС-те өтті.
Іс – шараның басты тақырыбы-Электр станциясының барлық учаскелерінде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуді бақылау. Кәсіпорынның бас инженері Саят Жұманбаев өндірістік жарақаттанудың алдын алуда, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтауда, еңбек жағдайларын жақсартуда және қызметкерлерді қажетті санитарлық-гигиеналық үй-жайлармен және құрылғылармен қамтамасыз етуде техникалық инспекторлардың рөлін атап өтті. Ол станция басшылығы қызметкерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және өндірістік жарақаттардың алдын алуға бағытталған техникалық инспекторлардың барлық ұсыныстарын қолдайтындығына сендірді.

Өз кезегінде кәсіподақ комитетінің төрағасы Татьяна Чигвинцева станцияда 17 техникалық инспектор жұмыс істейтінін айтты.

2023 жылы олар 392 тексеру жұмыстарын жүргізді, оның барысында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша 625 бұзушылық анықталды. 2023 жылы тексерулер мен бұзушылықтар бойынша көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда өсті (2022 ж. – 326, 450 бұзушылықтар). Татьяна Чигвинцева кәсіпорында техниспекторлардың еңбегі ынталандырылатынын атап өтті.

“Кәсіподақ комитеті жыл сайын техникалық инспекторлардың жұмысына талдау жүргізеді және жыл қорытындысы бойынша цехтың еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспекторын айқындайды. 2023 жылы еңбекті қорғау жөніндегі ең үздік инспектор деп –  ТТО-1 Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторы  Гүлмира Атманова танылды. Техникалық инспектордың еңбегі марапатталды”, – деді кәсіподақ комитетінің төрағасы.


Сонымен қатар, аға техникалық инспектор Болат Бекенов тексерулер жүргізу және жүргізілген тексерулер туралы есептерді тапсыру тәртібін еске салды.
Айта кету керек, техникалық инспекторлар штаты жыл сайын толықтырылып отырады. Тренинг барысында жаңадан сайланған үш техникалық инспекторға еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың арнайы куәліктері табыс етілді.
Тренинг зияткерлік ойын форматында өтті, онда топ құрамындағы қызметкерлер сұрақтарға жауап берді, логикалық мәселелерді шешті, арнайы дайындалған бейнероликте қауіпсіздік техникасының бұзылуын тапты. Бейне материал мен сұрақтарды кәсіподақ кәсіпорынның еңбекті қорғау қызметімен бірлесіп дайындады.